Бір кездері жылына жүздеген сәбидің кіндігін кесіп, кіндік шешесі атанған Марқакөл өңірінің тумасы, Катонқарағай ауданының тұрғыны болған Нұрзия Ахметова биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын ана мен бала өміріне арнаған ардақты жан жарық дүние есігін ашқан әрбір нәрестенің өз несібесі болатындығын, әйел адам үшін балалы болудан асқан бақыттың жоқ екендігін әңгімелеп, газет тілшісімен қар жастанып, мұз құрсанып өткен өмір жолының ұмыт бола бастаған естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Сұрапыл соғыс ешкімді аямады
Өмір мен өлім бетпе-бет келіп айқасқа түскен сұрапыл соғыс қай адамды болмасын аямағаны белгілі. Өмір сынағы адамзатты саралап жатпады. Қасіретті жағдай Марқакөл өңірінің Балықтыбұлақ ауылын да айналып өтпеді. Қар астында қыстап қалған арпаны азық қылған тұрғындар шетінен жұқпалы дертке шалдығып, ажал құшып жатты. Соғыс жылдары осы аурудың кеселінен Балықтыбұлақтың 17 түтіні мәңгілікке өшкен болатын…
– 1937 жылы әкеме «Қытайдың жансызы» деген жала жабылып, итжеккенге айдалып кетті, – дейді Нұрзия Ахметова. – Содан шешем сіңілім екеуіміз бен қолымыздағы қарт әжемізді бағып-қақты. 1946 жылы әжеміз қайтыс болған соң бізге қарайтын ешкім болмады. Шешем болса күндіз-түні жұмыста еді. Сол кезде әскерден оралған, Катонқарағай ауданында тұратын нағашымыз бір күнде бізді ат-арбасымен өзінің ауылына алып кетті.
Катонқарағай ауданының Вверх-Березовка бүгінде Қайыңды деп аталатын ауылының «Талавушка» қыстағына қоныстанған олар осылайша қалған өмірлерін осы аймақпен байланыстырды. 1947 жылы бірінші сыныпқа барған Нұрзия апа айдаудағы әкесі қайтып оралғанға дейін Малғажы, Әбілмәжін есімді нағашыларының арқасында аман қалғанын айтады.
– Көбінеки орыс ұлты өкілдері қоныстанған Вверх-Березовка ауылындағы мектептің қазақ сыныбына бардым, – дейді қария. – Нағашым Малғажы таңертең мені атына мінгестіріп алып, төрт-бес шақырым қашықтағы мектепке жеткізіп тастайтын. Ол кезде мектеп жетіжылдық болатын. Он жыл бойы итжеккенде болған әкем оралып, шешеммен бірге Үлкен Нарын ауылына бір табан жақын Майемер ауылының бас жағындағы Теректі қыстағына көшті. Біз сіңілім екеуіміз «Талавушкадағы» нағашыларымның қолында қалдық. Кейін бүкіл елді билеген Сталин өмірден өткен соң Белқарағай ауылының бас жағындағы «Қарасамырсын» қыстағына көштік.
Қаршадайынан ер баланың жұмысын істеп өскен Нұрзия әкесімен қарағай жығып, қабығын аршып, бұтағын бұтайды. Әкесі шахтаға жұмысқа кеткенде анасымен тау басына шығып, дайын бөренелерді өзен арқылы ауылға қарай ағызып, «Қарасамырсында» ағаш үй тұрғызады.
Оқуға аңсарым ауды…
1955 жылы Қайыңдының жетіжылдық мектебін жақсы бағаға тәмамдаған Нұрзия Ахметова дәрігер болуды армандайды.
– Ол кезде жетіжылдық біліммен оқуға ала беретін, – дейді ол. – Әкем менің оқығанымды қолдаса, шешем мені оқуға жібермеу амалымен аяғының ауыратынын айтып, Катонқарағайдағы «Рахман қайнарына» емделуге кетіп қалды.
Оқуға деген құлшынысы арта түскен қаршадай қыз тамыз айының жайма-шуақ күндерінің бірінде кешқұрым уақытта сиыр сауып болған соң сары майын салып, бөтелкеге ежігей құртын сүзіп, екі-үш қармасын пісіріп, дорбасына салып алып төрт шақырым жердегі күре жолға қарай тартып қояды. Жолай таудан терген қарақатын сатып, бес сом ақша табады.
– Сәті түсіп, қарағай тиеген жүк көлігі келе жатыр екен. Қолымды көтеріп тоқтаттым. Кабинада кісі толы болғандықтан, кузовтағы қарағай ағаштың үстіне шығып отыруыма тура келді. Сөйтіп түн жарымда мен мінген көлік Малокрасноярка дейтін ауылға барып тұмсығын тіреді. Танымайтын ел-жерде көлік тоқтаған үйдегі орыс әйелге «Сіздің ауызүйіңізге (веранда) түнеп шығайыншы. Далада ұйықтаудан қорқамын» дедім. Әлгі әйел алдыңғы бөлменің еденіне ескі күпәйке салып берді. Сол жерде жатып, түнеп шықтым. Таңертең үй иелері пароход тоқтайтын жағажайды көрсетіп жіберді. Пароходқа отырып, Өскеменнің Аблакеткасына жеттім, – деген Нұрзия апа сол бір арманын арқалап қалаға жеткен кезін есіне алды.
Өткен-кеткен адамдардан сұрастырып жүріп медициналық училищені тауып алған ол жетіжылдық мектепті жақсы аттестатпен тәмамдағанының арқасында оқуға емтихансыз қабылданады.
– Оқуға түсіп, қуанышым қойныма сыймай үйге келсем, шешем «Рахман қайнарынан» келіп қойыпты. Қолымдағы бір жапырақ қағазды оған көрсетіп, оқуға кететінімді айттым. Шешем бұрынғыдай емес, жұмсарып қалыпты. Маған шыт бұлдан көйлек тігіп, етік сатып алып, жаурап қалмауым үшін күпәйке де тігіп берді. Жол азығымды қамдап, 1955 жылдың күзінде Өскемен қаласына тарттым. Қазақ мектебін бітіріп келген мен үшін орыс тілінде оқу қиын болды. Бір күні бізге оқуға түскен 45 баланың отызын ғана қалдырып, он бесі оқудан шығарылатыны туралы айтты. Мұндай жаңалықты естіген мен күндіз-түні кітаптан бас алмай оқып, училищені жақсы бағамен тәмамдадым.
Қиын да қызықты жылдар еді…
– 1958 жылы оқуымды тәмамдап, Катонқарағай ауданының Еңбек ауылына фельдшер болып келдім, – дейді Нұрзия апа. – Екі жылдан соң Өрел ауылындағы учаскелік ауруханаға акушер керек болған соң сонда ауыстырды. Міне, сол кезде өмірдің кезекті қиын-қыстау кезеңіне тап болдым.
Қарамағына сегіз ауыл қарайтын учаскеде жылына жүз әйелді босандырып, жүз баланың кіндігін кесіп отырған ақ халатты абзал жан акушер бол5ан жиырма алты жылдың ішінде нәресте шығынына жол бермеді. Он-он бес баладан дүниеге әкелетін әйелдер дәрігер көрсе безетін заман болғанын айтқан ол басынан небір қызықты жағдайдардың да өткендігін ьілге тиек етті.
– 7-8 ауылдың жүкті әйелдерін соңдарынан қуып жүру қаншалықты оңай болды дейсің? – дейді Нұрзия Ахметова жұмыс тәжірибесімен бөлісіп. – Ол кезде әйелдер дәрігерге көрініп, перзентханаға келіп босану дегенді білмейтін. Бастапқыда «Жедел жәрдем» көлігі жоқ кезде толғақ қысып жатқан әйелдерді салтатқа мінгестіріп аттанатынмын. Өркештене алас ұрған Бұқтырма өзенінің толқындарымен арпалыса жүріп, Жамбыл, Берел, Аршаты, Язовка, Рахман қайнарлары ауылдарына баратынмын. Түн ортасында өзеннің таяз тұсын іздеп, үзеңгіден келетін суды кешіп өткенде «Әй осы астымдағы атым сүрініп кетсе, түн ішінде мені кім судан шығарар дейсің? Сүйегім осы өзеннің қай жерінде қалар екен?» деп жанымды шүберекке түйіп жүретінмін. Осылай жүріп сонау Шындығатайдан бастап Алатайға дейінгі жайлау төсін де араладым. Шопандардың әйелдерін босандыру қиын болатын. Ол кезде жарық та жоқ. Түнгі он екіден кейін жарық өшіп қалатын. Әйелдерді қолыма керосин шам ұстап тұрып босандыратынмын. Оныншы, он бесінші баласын босанған әйелдердің жағдайлары тым ауыр болады. Олардың тамырын тауып, система қоюдың өзі қиын. Жоғалтқан қанның орнын толтыру үшін физерітіндіні (физраствор) қолданып, жүрегі тоқтап қалмас үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасайтынбыз.
– Болашақ анаға қолұшын созамын деп өз өміріңізді қатерге тіккен кезіңіз болды ма?
– Қақаған қыс айы болатын. Түн ішінде Аршаты ауылында бір әйелдің босана алмай жатқаны туралы жедел хабар келді. Кеңшардың жүрдек аттарының бірін шанаға жегіп, жолға шықтым. Аршатыға Берел ауылы арқылы емес, тауды асып түсу арқылы жетпекке бекіндім. Ауылға Көктабаны асып, Сартепсен жазығы арқылы тарттым. Бір асудың күнгейіндегі ну орман ішімен еңіске құлдилағаным сол еді, атым әлденеден селт етіп үрке жөнелді. Қолымнан «божым» шығып кетіп, омбы қарға жантайып құладым. Шанадағы атым үрке жөнеліп, қараңғыға сіңіп кете барды. Көзге түртсе көргісіз тас қараңғыда Аршатының бағыты осы болар деп, қара саннан қар омбылап жүре бердім. Аюдан емес, қасқырдан қатты қорықтым. Шиебөрілер кезіксе сүйегіңе дейін мүжіп қояды ғой. Бірнеше сағат жүріп, таң қылаң бере ауыл шетіне іліктім. Барсам, әйелдің хәлі мүшкіл екен. Қажетті дәрі-дәрмегін беріп, қасында бірнеше күн болдым.
– Қиындығымен қатар қызығы да мол қызметіңіз жайлы айтып өттіңіз. Көңілге күлкі үйірер жағдайлар да болған шығар?
– Бірде танысымның әйелі он бесінші баласын босанып, осыдан кейін көтермеймін деген ниетпен баласының атын Кенжебек деп атаған еді. Келесі жылы оның тағы да жүкті екенін естідім. Ол менен ұялып, көзіме көрінбей тығылып жүрді. Бірақ қашанғы жасырынады?! Бір күні толғақ қысқан әлгі әйелді күйеуі менің алдыма алып келді. Сөйтсем әлгі толғақ қысқан әйел есін білмейтіндей мас екен. Мен шошып кетіп, күйеуінен «Әй, мұнысы не қылғаны?!» деп сұрасам, ол әйелінің менен ұялып ішіп алғанын айтты. Бала – Алланың берген сыйы емес пе?! Одан ұялудың не қажеті бар? Содан әупірімдеп жүріп мас келіншекті босандырып алдым. Қыз бала дүниеге келді. Дәрісін егіп, системасын қойып, мастығынан айыққанша қасында отырдым. Біраздан соң көзін ашқан әйел ішін сипап «Ойбай! Балам қайда?!» деп айқай салмасы бар ма?
Тағы бір есте қалған қызықты жәйт, Өрел ауылында перзентханаға әкелсек қашып кететін, ал үйіне барсақ тығылып қалатын ішімдікке әуестеу аяғы ауыр орыс келіншек болды. Қыс айында оның толғатып жатқанын естідік. Үйіне барып, «УАЗикке» салып алып, Катонқарағай ауылындағы перзентханаға тарттық. Жүргізушім Қауан дейтін жігіт еді. Жолшыбай Еңбек ауылының тұсындағы бейіттердің жанынан өтіп бара жатқан сәтте әлгі әйел босанатын болып қалды. Бала мен әйелді орайтын жылы көрпе ала шыққан едім. Содан көлікті тоқтатып, қарға көрпені жайып салып, әйелді босандырып алуға мәжбүр болдым. Бір мезет жан-жағыма қарасам, қасымда тұрған жүргізушім жоқ. Қарасам, ол «ойбайлап», анадай жерде алды-артына қарамай қашып бара жатыр. Оны айқайлап жүріп шақырып алып, әйелдің басын ұстатып, екіжақтап жүріп аман-есен босандырып алдық.
Әскери өмірге пара-пар
Өмір бойғы еңбегі әскери қызметкердің өмірі сияқты кез келген жағдайға сақадай сай әзірлікте жүретін Нұрзия апа 52 жыл бойы алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін құрал-жабдықтары мен киімдері үнемі босағада тұратынын айтып өтті.
– Түн ортасында шырт ұйқыдан оятып алып кететін кездері дайын тұрған киімдерімді іле сала жүгіретінмін, – дейді ол. – «Шаршадым, демалуым керек» деген сөздерді ол кезде айтуға болмайтын. Жұмыспен қатар үй тіршілігін де алып жүрдім. Марқұм жолдасым екеуіміз екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірдік. Қорамызда төрт-бес сиырымыз бен елу шақты қойымыз да болды. Өзім жолдасымнан қалыспай, қол шалғымен шөп шаптым. Екі қызым мен үлкен ұлым менің жолымды қуып, дәрігерлік жолды таңдады.
Нұрзия апаның Катонқарағай аудандық ауруханасында 10 жыл хирург болып істеген үлкен ұлы Әбілсейт 2004 жылы үш күн қатарынан бірнеше ота жасап, қатты шаршаған екен. Үйіне келіп көз шырымын алайын деп жантая кеткенде жүрегі тоқтап, жүріп кеткен екен…
– Әбілсейітім өз ісінің маманы, жауапкершілігі мол дәрігер еді. Амал нешік? Ұлым қайтыс болған жыл мен үшін азапқа толы болды. Көзімнің қарашығынан айырылдым. Енді қалған бала-шағамның аман-есен болуын тілеймін. Балаларымды бағып-қағу оңай болмады. Екі балам Семей қаласындағы медицина институтында оқыды. Ол кезде кеңшар жұмысшыларына дұрыс жалақы төлемейтін. Олардың тамағы мен киімін алып беру үшін уақытпен санаспай кезекшілікте болған кездерім болды. Бір қызығы, ұзақ жылғы еңбек жылдарымда мен босандырған әйелдердің қыздары бойжетіп, олар да босанар кезде менің алдыма келді. Сол кезде «Кезінде мен сенің анаңды босандырып алғанмын, енді өзіңді босандыру да маған нәсіп етіп тұр екен» деп айтатынмын. Өміс сабақтьасты деген осы ғой, – деген Нүрзия апа көзіне жас алып, әңгімесін аяқтады…
Азамат ТЕМІРБЕКОВ