Синоптиктердің болжамы бойынша, Рамазан айының басында жаңбыр жауып, жел тұрады. Ал мамыр айының соңында ауа температурасы төмендейді деп күтілуде. Атап айтқанда, еліміздің солтүстік бөлігінде түнде 3-8ºС , кей жерлерде 0ºС болса, күндіз 10-18 градус жылы болмақ. Оңтүстік аймақтарда ауа температурасы түнде 8-13ºС, күндіз 20-25 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Бұқара.кз тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
4-5 маусым күндері республика аумағына антициклон әсер етіп, осыған байланысты күн ашылуы мүмкін. Ауа температурасы елдің солтүстігінде 23-28, оңтүстікте 30-35 градус жылы болуы ықтимал.
Алдын ала болжамға сәйкес, 6-8, 12-14 маусым күндері және екінші онкүндіктің соңында циклондардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады. Өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және жел тұрады, Бұл күндері ауа температурасының төмендеуі мүмкін. Қалған күндері Орталық Азия аймақтарынан жылы ауа ағыны келіп, күн жартылай бұлтты болады және ауа температурасы солтүстік өңірлерде күндіз 30-35, оңтүстікте 35-42 градусқа дейін көтеріледі.
Айта кету керек, Қазгидромет консультативтік ауа райы болжамының синоптикалық жағдайларға байланысты өзгеріп отыратындығын атап өтті.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ