Майқапшағайда ақшасы тәркіленген жесір анаға қатысты апелляциялық соттың алғашқы отырысы болып өтті

1027
көрілім

Майқапшағай кеден бекетінде 50 мың АҚШ долларға жуық ақша тәркіленіп, келеңсіз жайға тап болған Гүлжан Мәуітханға қатысты аппеляциялық соттың бүгін алғашқы отырысы болып өтті. Аталған істе прокурордың Зайсан аудандық сотында қатысқан екі аудармашыдан жауап алу жөнінде келтірген өтінішіне сәйкес, сот отырысы ертең қайта жалғасатын болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аппеляциялық сот бүгін Шығыс Қазақстан облыстық сотының ғимаратына басталды. Аталған іс бойынша сөз алған қорғаушы Абзал Құспан қорғауындағы Гүлжан Мәуітханның қылмыс жасайтындай контрабандалық пиғылы болмағанын алға тартады. Оның айтуынша, Гүлжан Мәуітхан мен туыстары Қытайдағы үйлерінің сүрілуіне байланысты берілген ақшамен Қазақстанда үй сатып алмақ болғаны сот отырысында толық дәлелденген. Сондай-ақ қорғаушы тарап әу баста контрабандаға қатысты шекара бекетінің қызметкерлеріне сол күні жедел ақпарат түскеніне күмән келтіреді.

– Сот процесіне ұсынылған хаттамаға сәйкес, аталған адамдарды тінту жұмыстары 2017 жылы 8 ақпанда сағат 10:45 пен 11:40 аралығында жүргізілген. Яғни, шекара бекетінде ақша түске дейін алынған. Алайда Гүлжан Мәуітханды күдікті ретінде тану туралы және оның іс әрекетін саралау туралы өзге де процессуалдық құжаттарда Гүлжан Мәуітхан мен туыстарының шекара бекетінен өту уақытын 8 ақпанның сағат 14:30 мөлшерінде деп көрсетеді. Осы құжаттарға сенер болсақ, Гүлжан Мәуітхан мен туыстары Майқапшағай шекара бекетінен түстен кейін өткен болып шығады. Ал тінту хаттамалары түске дейін жасалған. Яғни, кеден бекетінің қызметкерлері аталған адамдарды ұзақ уақыт ұстау фактісін жасыру мақсатында шекарадан өту уақытын әдейі өзгертіп жазған, – дейді қорғаушы Абзал Құспан.

Қорғаушының айтуынша, Гүлжан Мәуітханның алғаш хаттама толтырылар кезінде кирилл қарпін оқи алмайтыны ескерілмеген. Ақша жалғыз оған емес, бірге келген туыстарына да тиесілі деген қорғаушы тарап осылайша, Зайсан аудандық сотының шешімін заңсыз деп танып бұзуды, Гүлжан Мәуітханды ақтауды сұрап отыр.

Қос тараптың іске қатысты өзге өтініштерін тыңдаған сот аппеляциялық сот отырысын кешкі сағат 17:00-ге қалдырды. Кешке шешім шығады деп күтілгенімен, прокурор соттан Зайсан ауданында өткен сот отырысында қатысқан екі аудармашыдан жауап алуды сұрады. Аппеляциялық сот іске қатысты аудармашыларды сотқа шақырып, жауап алу жөнінде прокурордың өтінішін қанағаттандырды. Осылайша, Гүлжан Мәуітханның ісіне қатысты аппеляциялық сот отырысы ертеңге, яғни 2 маусым күні сағат 15:00 уақытында қайта қаралатын болды.

Естеріңізге сала кетсек, Майқапшағай кеден бекетінде 50 мың АҚШ долларына жуық ақша тәркіленген Гүлжан Мәуітханның ісіне қатысты сот процесі сәуір айында аяқталған болатын. Зайсан аудандық сотының үкімімен айыпталушы Қылмыстық кодекстің «экономикалық контрабанда» бабы бойынша кінәлі деп танылып, аталған соманың 40 мың АҚШ доллары мемлекет кірісіне өндірілген. Сондай-ақ, Гүлжан Мәуітханға 30 АЕК мөлшерінде (68070 теңге) айыппұл салынған еді.

Аян Өрібаев