Майқапшағай-Қалбатау жолын салып жатқан мердігерге қомақты айыппұл салынды

201
көрілім
Фото: forsite-spb.ru сайтынан

Мердігер компания айыппұл төлемес үшін сотқа талап арыз түсірді. Алайда сот арызды қанағаттандырмау жайлы шешім шығарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мердігер ұйым Қалбатау-Майқапшағай тасжолының құрылысын 2016 жылы бастаған. Жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылға белгіленген. Бірақ ұйым келісім-шарт талаптарын уақтылы орындамады, бүгінгі күні жұмыстың 40 пайызы ғана аяқталған.
ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталды. Нақты айтқанда, орындалған жұмыс бекітілген жобалық шешімдерге және мемлекеттік стандарттарға, оның ішінде құрылымдардың беріктігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін нормаларға сәйкес келмеген.
14 тамызда ШҚО бас мемлекеттік құрылыс инспекторының қаулысымен мердігер мекеме ҚР ӘҚБтК-нің 315- бабы бойынша 100 АЕК (345 000 теңге) және 312-бабы-1-бөлігіне сәйкес 700 АЕК ( 2 415 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Айыпталушы бұған келіспей, сотқа арыз түсірді. Бірақ 9 қазанда Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі  мамандандырылған соты шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.