Мектеп кезінде Оралхан Бөкей жазушы болады деп еш ойламап едік – Әлібек Қаңтарбай

733
көрілім

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада өтіп жатқан республикалық конференцияда жазушы Әлібек Қаңтардай осындай пікір айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Дәл қазір қалалық кітапханада «Кітапхана – ХХІ ғасырдағы сауаттылық түрлерін  қозғаушы күш» атты конференция өтіп жатыр. Шара Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы шеңберінде ұйымдастырылып отыр.

«Оралхан жазушылыққа жарқ етіп келді. Жарқ етіп келді де жарқ етіп кетті. Осындай шаралардың мақсаты – Оралхан Бөкейдің бақилық ғұмырын мәңгіліктеу. Кезінде ол үнемі «Біз шал болмайтын шығармыз» деп отыратын. Сөйтсек, сезген екен ғой», - дейді конференция барысында сөз алған Жазушылар одағы ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбай.

Оның айтуынша, Оралхан Бөкей екеуі бір мектептің түлегі.

«Оралхан менен екі сынып жоғары оқыды. Шынымды айтсам, оны жазушы болады деп еш ойламап едік. Ұсақ-ұсақ бұлақтар құралып асау толқынды Бұқтырма өзеніне айналады ғой. Меніңше, Орекеңнің шығармашылығы да осы Бұқтырма секілді», - дейді жазушы.

Мектеп бітірген соң Оралхан Бөкей Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға актер мамандығына оқуға түсіпті. Бірақ анасы оның актер болуына қарсы болған. Сөйтіп, шешесінің сөзінен аса алмаған Оралхан ауылға қайтқан.

«Ауылда ол тракторшының көмекшісі секілді қара жұмыстарда істеді. Бірақ сонда шығармашылыққа дайындалып жүріпті. Біз оны еш сезбедік. Алтайдың басына қарап тұрып оқыс ойлар айтып қалатын. Сонысын түсінбей қалатынбыз. Жоғары сыныптың қыздарына күнде кешке хат жазып, құшақ-құшақ қылып әкеліп, бізге оқып беретін. Сөйтсек, Оралхан хатты ғашық болғаннан емес, асып-төгіліп жатқан шабытын, шығармашылығын сыртқа шығару, қағазға түсіру үшін жазады екен», - дейді Әлібек Қаңтарбай.