«Мектепке салт атпен барамыз»: Күршімдіктер қарлы ауа райындағы қиындықтар туралы айтып берді

390
көрілім

Алтайда қыс қаһарына мінді. Қаңтардың ортасына жетпей боран да, қар да үдеп, бір-екі айдың нормасын орындап тастады. Толассыз жауған қарға байланысты Күршім ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Арыдағы Марқакөлге қарасты ауылдар да өркениеттен алшақтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көлік қатынаудан қалды
Әуелі бір мәселенің басын ашып алайық. Қар астында қалған ауылдар Президент жарлығымен жаңадан құрылып жатқан Марқакөл ауданында қарасты. Алайда аудан әлі заң бойынша ресімделіп, нақты шекарасы белгіленбеді. Осы жылдың 8 қаңтарында Марқакөл ауданының мәслихаты құрылып, мәслихаттың бірінші сессиясы өтіп, төрағасы сайланды. Ал аудан әкімін 25 қаңтарға дейін тағайындау жоспарланған. Тек содан кейін аудан әкімі аппаратының мемлекеттік мекемесін құру туралы қаулы, аппаратты басқару схемасы қабылданбақ. Сондықтан әзірше Күршім ауданы деп жазып отырмыз.
Қаңтар айының 7-нен бастап бұл жақта қар мен боран тоқтамай тұр. Кей жерлерде қалыңдығы 1.8-2 метрге жетті. Марқакөл және Төсқайың ауылдық округтерінің елді мекендерінде көлік жүруден қалды.
Мұғалімдердің кейбірі жұмысқа салт атпен барады. Омбылап жету мүмкін емес дейді. Айтуларынша, далада жүрген тебіндегі жылқыларға да қиын. Бұл туралы бейнежазбалар әр жерде тарады. Бірнешеуі Қайнарлы елдімекеніндегі жағдайды суреттейді. Соған зер салсақ, қардың қалыңдығы жылқының бауырынан асады. Табиғат тосын мінез танытқанына 10 күндей болған.
– Ауылда әлі жол жабық. Мектепке жету үшін ат ерттейміз. Қазір оның да шамасы жетпейді, шаңғымен баратын болдық. Таңертең 07:00-де шығып, 15:00-де қайтамыз. Қылқұйрықты қарды бұза алмаса, мектепке бару мұң, – дейді химия-биология пәнінен беретін Мадина Оралқызы.

Қарлы өлкедегі қиындықтар
Қардың шектен тыс көп жауып, көліктердің жүрмеуі ескеріліп, Күршім ауданының әкімдігі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Қаңтар айының 16-ы күні ол жаққа тікұшақ ұшты. Жалпы, жан-жақпен байланыса алмай, оқшауланып қалған ауылдар ішінде: Қарой, Қайнарлы, Төсқайың, Ұрынқай, Бұғымүйіз елдімекендері бар.
Қарлы өлкедегі қиындықтарды марқакөлдік Қайырхан Байгүндинов айтып берді.
– Осындай қиын-қыстау сәтте жұртымыз бір-біріне қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Жолда қалған жандарға әскерилер де көмек көрсетті. Жағдай қиындағанда ақша жинастырып, волонтерлерді іздестіре бастадық. Қар күрейтін техникалар тартылуда. Шүкір, зардап шеккен ешкім жоқ. Қалың қардан өрістегі жылқы тебіндей алмай қалды. Малды қораға жеткізу де мұңға айналған, – деді ол.
Маркакөл ауылында дүкен ұстап отырған жеке кәсіпкер Назгүл Аманжолова халыққа азық-түлік үлестіріп, еріктілерді жинастырып, бағыттап жүр. Ал Құмарбек Бату есімді кәсіпкер 100 мың теңгенің азық-түлігін ауылдастарына таратқан. Басқа да кәсіп иелері тасада қалмай заттай, қаржылай көмектесуде.
Қолайлы ауа-райы жағдайлары белгіленген соң, 16-шы қаңтарда ауылдық округтердің тұрғындарына қажетті азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізу үшін тікұшақ жіберілді.

(Фото ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен)