Мектепте ақша жинаған мұғалімдер жазаға тартылады – ҚР БҒМ

727
көрілім

Астана мектептерінде бітіру кештері қарсаңында ақша жиналып жатқан жоқ. Бұл туралы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

2016-2017 оқу жылының басында республиканың барлық мектебінде, соның ішінде Астана мектептерінде қаражат жинауға тыйым салу туралы бұйрық шықты. Бұл бұйрықты барлық мектеп жетекшілері мен мұғалімдер орындауы тиіс. Бұл бұйрықты орындамағандар әкімшілік жазаға тартылады, – деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Арман Жүнісов ОКҚ брифингінде.

Ол аттестат тапсыру бойынша салтанатты бітіру кештері мектеп қабырғасында өтуі тиіс екенін еске салды.

Сондықтан министрлік барлық мектеп бітіру кешін мектеп қабырғасында өткізуге кеңес береді. Министрлік осыған байланысты барлық мектепке жадынама жолдады. Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, қала мектептерінде ақша жиналып жатқан жоқ, – деді ҚР БҒМ өкілі.

Оның айтуынша, мектептерде ақша жинау дерегі анықталған жағдайда Білім және ғылым министрлігіне хабарласу керек.

Баспасөз қызметіне, бізге хат жазуыңызға немесе телефон соғуыңызға болады. Қаланың, аудандардың білім басқармаларына хабарласып, осындай дерек тіркелген жағдайда, айналысамыз, – дейді Жүнісов.