Мемлекет бөлген 3 мың оқу гранты үлестірілмей қалған

445
көрілім
Фотосурет ҚазАқпарат сайтынан.

Инженерлік, педагогикалық әрі жаратылыстану мамандықтарына 3 мыңнан астам білім гранты қайтадан бөлінеді. Бұл туралы елордада өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Өкінішке қарай, грантқа ілінбеген талапкерлер бар. Өздеріңіз білесіздер, конкурсқа 64 мыңнан астам адам қатысты. Бірақ біз қазіргі кезде Үкімет қаулысына өзгерістер енгіземіз, содан кейін белгіленген тәртіп бойынша тиісті бағыттарға грантты беруді жалғастырамыз. Осы орайда 3 мың грант басымдықты бағыттар бойынша қайтадан тағайындалады», - деді вице-министр.
Бұл тұрғыда инженерлік, педагогикалық, жаратылыстану бағыттары қамтылады.
Министрлік мәліметіне қарағанда, аталған 3 мың грант негізгі конкурстан (53 785 гранттың ішінде) игерілмей қалды. Кейбір мамандықтарға үміткерлер аз болғандықтан, осы гранттар бөлінбей қалды. Сондықтан осы үш мың грант талапкерлер арасында қайтадан бөлінеді. Осы аптада қаулы жобасы әзірленіп, оған тиісті өзгерістер енгізіліп, содан кейін жинаған ұпайларына қарай талапкерлер өздерінің гранттарын алады.
Айта кетейік, биыл кокурсқа 53 785 грант бөлінді, қатысушылардың саны 64 452 адам болды. Осы орайда бір грантқа орташа конкурс 1,29 адамды құрады.
Бүгін таңертең мемлекеттік білім грантына ие болғандардың толық тізімі шықты.