Қазіргі уақытта облыс орталығында 11 570 адам мемлекеттен берілетін баспана кезегінде тұр. Биыл үй алу кезегі келіп жететін тұрғындар құжаттарын осыдан 20 жыл бұрын тапсырған екен. Бүгінде құжат тапсырушылардың пәтер кезегі тез келіп жететін сыңайлы, өйткені тұрғын үй құрылысының қарқыны бұрынғыға қарағанда бүгінде жақсы. Дегенмен, кезектің қашан келетінін ешкім де дөп басып айта алмайды. Коммуналдық баспана қалай бөлінеді, ниет білдірушілердің құқықтары қандай және тізімдегі кезек бойынша өз орнын қалай анықтауға болады? Осы мәселелерді сайт тілшісіне Өскемен қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Фархат Жылыбаев айтып берді.
Коммуналдық баспана дегеніміз ай сайын аз мөлшерде жалдау ақысын төлеп тұратын тұрғындардың белгілі бір санаттарына берілетін пәтерлер. Пәтерді алған соң оны жекешелендіріп алуға болады. Тіпті кейбір санаттағы тұрғындар (экологиялық куәлігі бар, ҰОС ардагерлері, бірінші және екінші топ мүгедектері мен басқалар) пәтерлерді қайтарымсыз негізде жекешелендіріп ала алады. Жеңілдік берілгендер қатарына жатпайтындар пәтерді қалдық құнын төлеп, яғни он жылға дейін бөліп төлеп (пайызсыз) алуға болады.
Белгілі бір өтініш берушіге коммуналдық баспана берілетінін не берілмейтіндігін айына екі рет отырыс өткізетін қалалық әкімдік жанындағы арнайы комиссия шешеді. Аталмыш комиссия кезекте тұрғандарға пәтерлерді бөлумен де айналысады. ТҮКШ бөлімі мамандарының айтуынша, жақын арада аталған комиссия құрамы өзгеріске ұшырайтын көрінеді. Оған басқалармен қатар облыстық кәсіподақ өкілдері мен тілшілер де еніп, пәтер бөлу үрдісі айшықтала түспек.
Пәтер бөлу қалай жүргізіледі?
Тұрғын үй пайдалануға берілер тұста арнайы комиссия отырысы кезекте тұрғандар тізіміне сәйкес пәтерлерді бөледі.
Баспана әр санат бойынша жекелеп бөлінеді. Бірінші кезекте жетім балалар мен ҰОС қатысушыларына беріледі. Жетімдерге жаңадан салынған пәтерлердің 20 пайызға дейінгі мөлшері бірден бөлінеді. Қалған 80 пайызы кезекте тұрған басқа санаттарға бірдей тәртіпте бөлінеді. Яғни, бірінші болып ең үлкен кезектегілер пәтер алса (бүгінгі таңда мүндай кезек бюджеттік ұйымдардың жұмысшыларына тиесілі), саны ең аз болып келетін ардагерлердің отбасылары пәтерді екінші кезекте алуы мүмкін.
Мұнда кездесетін тағы бір күрделі мәселенің бірі, пәтер алушылардың бәріне тән белгілі бір бөлмелі баспанаға үміт артуы. Атап айтсақ, кезектегі әр отбасы бір, екі және үш бөлмелі пәтер кезегінде тұратындықтан, осы сұраныс ескеріледі. Мысалы, белгілі бір типтегі пәтерлер (бір бөлмелі делік) бір үйде көп делік. Демек, бұл осындай пәтер алуға ниет білдірушілер кезектерінің тез жылжитынын білдіреді.
Оның үстіне комиссия мүшелері тізім бойынша кезектің жылжуын қатаң бақылауда ұстап отырады. ТҮКШ бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, біреуге кезексіз пәтер беру мәселесі мүмкін емес көрінеді. Біріншіден, пәтер беру туралы шешімге бір емес бірнеше адам қол қояды, екіншіден, әр өтініш берушінің пәтер сұранысына деген негізін анықтайтын құжаттар жинақталып, бөлім заңгерлерімен расталады. Аталмыш құжаттар легі кез-келген уақытта қайта қаралып, тексерілуі мүмкін.
Пәтер алу кезегіне кімдер тұра алады?
Мемлекеттен баспана алуға келесі санаттағы азаматтар үміт арта алады:
1) ҰОС қатысушылары мен мүгедектері.
2) Тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары:
- бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен мүгедек балалары бар отбасылар;
- соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілгендер (Чернобыль апатын ауыздықтаушылар, ауған соғысына қатысушылар, тыл еңбеккерлері);
- ҚР Үкіметінің бекіткен тізімі бойынша ауыр түрдегі созылмалы дертке шалдыққандар;
- жасы келген зейнеткерлер;
- оралмандар;
- экологиялық апат кезінде және төтенше жағдай орын алғанда баспанасынан айырылғандар;
- көпбалалы отбасылар;
- мемлекеттік және қызметтік міндеттерін орындауда, әскери қызметте, адамдардың өмірін құтқару және қоғам тыныштығын сақтау кезінде қаза болғандардың отбасылары;
- толық емес отбасыларға.
Мүгедек балалары бар отбасылар мен ҰОС ардагерлерінен басқа жоғарыда айтылғандардың барлығына тағы бір шарт қойылады. Өтініш бергенге дейін 12 ай бұрын отбасының әр мүшесінің орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген (қазіргі уақытта ол 87 680 теңгені құрайды) мөлшерінен аспауы керек.
3) жетім балалар және кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар — екі топ санатындағылар 29 жасқа дейін пәтер алу мүмкіндігі бар.
4) Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме жұмысшылары (шаруашылық жүргізу құқығындағы ұйымдардан басқа), әскерилер, арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері мен сайланбалы мемлекеттік лауазым иелері.
5) Баспанасы апаттық жағдайда деп танылған азаматтар.
Егер өзіңізді жоғарыда көрсетілген санаттардың біріне лайықтымын деп ойласаңыз, тізім бойынша құжат жинап (kdmyk.kz порталында тізім берілген), ХҚКО-ға немесе egov.kz порталы арқылы электронды түрде бере аласыз. Еgov.kz порталымен жұмыс істеу үшін ХҚКО-дан электронды-сандық қолтаңба алуыңыз керек. Қажет болған жағдайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің 74-14-53, 74-14-46 телефондарына қоңырау шалып, кеңес алуыңызға болады.
Ереже бойынша жыл сайын өзіңіздің белгілі бір санатқа жататындығыңызды дәлелдейтін және пәтер алуға үміткер екеніңізді нақтылайтын құжаттарыңызды қайтара тапсыруға міндеттісіз. Бір жыл ішінде құжат жинап өткізбеген және ТҮКШ бөлімі қызметкерлері полиция арқылы іздеу салып таба алмаған отбасылар тізімнен шығарылады.
Кезектің сақталуы бойынша жиі қойылатын сұрақтар
Кезектегі өз нөміріңді қалай білуге болады?
ТҮКШ бөлімінің көптеген сауалдарға жауаптары берілген kdmyk.kz порталы бар. Онда кезекке тұру тәртібін, қажетті құжаттар тізімін, өзіңіздің кезектегі орныңызды анықтай аласыз. Оны "күту тізімдерінің тізімі" бастырмасынан іздеуге немесе кезекте тұрғандардың pdf форматындағы тізімін көшіріп алуыңызға болады. Тізім әр үш ай сайын жаңартылып тұрады. Сондай-ақ, аталмыш тізімді қала әкімінің oskemen.vko.gov.kz ресми сайтының "ТҮКШ және көлік" бөлімінің "тұрғын үйді бөлістіру" бастырмасынан да табуға болады.
Тізімде бұрын болмаған адамдардың аты-жөндері қайдан пайда болады?
Мұндай жағдай белгілі бір себептерге байланысты тегін өзгерткен адамдарға байланысты болады. Мысалы, егер әйел адам тұрмысқа шықса немесе ер адам әкесінің тегінен анасының тегіне ауысса. Сондайда мұндай азаматтар ТҮКШ бөліміне тиісті құжаттарын өткізіп, тізімге жаңа текпен енгізіледі.
Не себепті менің кезегім алға емес, кері жылжиды. Дәлірек айтқанда 637-ші тізімде тұрғанмын, енді 639-шы нөмірге шегерілдім?
Жоғарыда айтқандай, азаматтар құжаттарын дер кезінде жаңартпайды. Жоғалып кеткен кезектегі азаматты АХАЖ, полиция бөлімдерімен немесе көші-қон қызметімен іздестіруге тура келеді. Егер ол табылмаса тізімнен шығарылады. Облыс және мемлекет аумағынан тысқары кеткендер де тізімнен шығарылады. Егер олар қайтып оралып, қалада қайта тіркелсе, хабарсыз кеткен азамат табылып қалса, олар қайтадан бұрынғы тізімдері бойынша тіркеледі. Осылайша, одан кейін кезекте тұрғандар тізімі бірде алға, бірде кейінге жылжып тұрады.
Кейде кезегі жеткендер алатын пәтері ұнамай одан бас тартып жатады. Мысалы, жоғарғы қабаты ұнамады делік. Мұндай жағдайда пәтер кезекте келесі тұрған азаматқа беріледі. Ал бас тартқан адам көңіліне жаққан баспана болған кезде пәтер алуға құқылы.
Тізімнен өзімді таба алмасам не істеуге болады?
ТҮКШ бөліміне 74-14-53, 74-14-46 телефондары бойынша қоңырау шалыңыз немесе қабылдауға келіңіз. Ең дұрысы kdmyk.kz порталының "виртуалды қабылдау" бастырмасы арқылы арызданған дұрыс. Ол үшін сайтта тіркеліп (аты-жөніңіз бен электронды мекенжайыңыз қажет), жеке кабинет арқылы сұрақ қалдырыңыз. ТҮКШ бөліміндегілер барлық қойылған сұрақтарға бірнеше күн ішінде жауап беруге уәде етеді.
Егер салынған үйлер мерзімінде қолданысқа берілсе, кезек неге баяу жылжиды?
ТҮКШ бөлімі арқылы коммуналдық мақсатта және Қазақстандық ипотекалық компаниясы арқылы салынатын тұрғын үйлер ғана өтетін көрінеді. Сонымен қатар "Самрұқ-Қазына", "Бәйтерек" қорлары мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен басқа да мекемелер арқылы салынып жатқан үйлер де бар. Жаңадан салынған үйлердің аз ғана бөлігі коммуналдық пәтерлер еншісіне тиесілі. Мысалы 2016 жылы - 47, 2017 жылы - 180 пәтер бөлінсе, 2018 жылы пайдалануға 198 пәтер беру жоспарланған. ТҮКШ бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, биылғы жылы 1998 жылы және 1999 жылдың бірінші жартысында өтініш жазғандарға пәтер берілетін көрінеді.
Ондаған жылдар ішінде көптеген өзгерістер орын алады. Уақыт өткен сайын қай санаттағылар мемлекеттен пәтер алу құқығын жоғалтады?
1998 жылы кезекке тұрғандар арасында көпбалалы, жалғызбасты аналар бар. Олардың балаларыержетіп, жанұя құрды. Олардың тегін пәтер алуға құқықтары бар ма дейтін шығарсыз? Әрине бар. Толық емес отбасылар сол күйінде қалады. Тіпті әйел тұрмысқа шықса да. 29 жасқа дейін пәтер кезегінде тұрған жетім балалар да қалады.
Егер өтініш иесі қайтыс болса, не болмаса басқа қалаға немесе елге тұрақты қоныстануға көшіп кетсе, кезек реті оның отбасының өтініште көрсетілген басқа мүшелеріне тиесілі болып қалады.
Тізімдегі кезегінен кімдер айырылуы мүмкін?
- егер бюджеттік сала қызметкері жұмысынан шығып жекеменшік ұйымға немесе шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынға ауысса. Бірақ, ол жұмыс істейтін мекеме мемлекеттік қазыналық кәсіпорыннан шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынға ауысса, оның кезектегі орны сақталып қала береді;
- бюджеттік сала қызметкерлері зейнеткерлікке шықса. Дегенмен, олар кезекке қайтадан басқа санаттағы азамат, яғни зейнеткер ретінде тұра алады.
- мүгедек баланы бағып отырған отбасы, егер бала кәмелеттік жасқа толып қойса. Егер оған бірінші немесе екінші топ мүгедектігі берілсе, ол мүгедек ретінде кезекке қайтадан тұра алады. Бірақ оның оған дейінгі кезегі алынып, қайтадан басынан бастауына тура келеді.
Ерлен ОСМАНОВ