– Облыс орталығындағы «Abdi» дүкенінің қасында, яғни Славский атындағы жағалау, 3/1 мекен жайында орналасқан «Жара» түнгі клубының қоршауына ілінген баннердегі көлік қоюға болмайтындығы туралы ескертпе қазақ тіліне қате аударылған. Көлік қоюға тыйым салынатындығы ескертілген баннерде орыс тілінде «Машины не ставить» деп жазылса, қазақ тілінде «Қоюға емес автокөлік» деп жазылыпты. Ана тілімізге деген осындай немқұрайлылық жүйкемізді әбден жұқартты. Мемлекеттік тілді кемсітетін мұндай жарнама-баннерлер қашан жойылады?
Өскемен қаласынан тұрақты оқырман
Сіздің сауалыңызға Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмаз Нұрғалиев жауап береді:
– Аты аталған баннер иесіне анықталған кемшіліктер бойынша ескерту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта екі тілдегі баннер қажеттілігі болмағандықтан, алынып тасталды. Өздеріңіз куә болған маңдайша жазулары мен көрнекіліктердегі тіл шұбарлаушылықтар жөнінде нысанның нақты мекен-жайын, атауын (фотосын) көрсете отырып Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне ресми түрде хат жолдауыңызға болады. Біздің бөлім жарнама агенттіктерімен тығыз жұмыс атқаруда. Олардың жарнама төлқұжаттарының нобайы мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат, сәулет және қала құрылысы бөлімдерімен келісіледі.