Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар үшін медициналық сақтандырудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді. Енді сақтандыру жүйесіне 12 айға алдын ала жарна төлеуге болады. Осы орайда, МӘМС-ке қатысудың жаңа тетігі бойынша дербес төлеушілер тарапынан сауалдар туындап жатыр. Оларға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалы директоры Нұрлан Қыдырбаев жауап береді.
- Кейінгі 12 айда менде МӘМС жарналары төленді, мәртебем сақтандырылған. Алдағы жылға жарна төлеуім міндетті ме, әлде оларды ай сайын төлей аламын ба?
- Сіз енді жарналарды өзіңізге ыңғайлы түрде төлей аласыз: ай сайын, тоқсан сайын жүйелі түрде төлеуді жалғастыра аласыз немесе 12 айға бірден төлей аласыз.
- Егер мен МӘМС-ке ешқашан жарна төлемеген болсам, яғни менде бірде-бір төлем жоқ, сәйкесінше мәртебе де жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, алдағы 12 айға төлем жасай аламын ба, әлде алдыңғы төленбеген кезеңді өтеуім керек пе?
- Алдыңғы төленбеген кезеңді өтеудің қажеті жоқ. Бұл норма сіз секілді азаматтарға МӘМС жүйесіне «ауыртпалықсыз» кіруге көмектесуді мақсат етеді. Сіз ағымдағы айға және алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы 3 жұмыс күні ішінде сақтандыру мәртебесін ала аласыз.
- Егер мен МӘМС жарналарын кезең-кезеңмен төлесем, бірақ төленбеген кезеңдер салдарынан қазіргі кезде сақтандырылмағандықтан, жарналарды бір жыл бұрын алдын ала төлеп, мәртебе ала аламын ба, әлде маған алдымен бұрын төленбеген айларды жабу қажет бола ма?
- Сізде екі нұсқа бар. Біріншісі, барлық өткізіп алған кезеңдерді өтеп, әлдеқайда аз сома төлеу және әрі қарай сақтандыру мәртебесінде қалу үшін МӘМС-ке ай сайын төлем жасау. Екінші нұсқа, өткен кезеңді төлемей, бір жылға алдын ала жарна төлеу.
- Егер мен осы жылдың қыркүйегінен бастап жаңа төлем әдісін қолдануды ұйғарсам, онда мен жарналарды қай кезеңге төлеуім керек - 2023 жылдың тамызына дейін бе?
- Заң нормасында төлемдер алдағы кезеңдер үшін жасалуы керек деп көрсетілген. Қыркүйек ағымдағы кезең болып саналады. Тиісінше, бір жылға мәртебе алу үшін сіз жарнаны 2022 жылдың қазаны мен 2023 жылдың қыркүйегі аралығына төлеуіңіз керек. Егер сіз 2022 жылдың қыркүйегі мен 2023 жылдың тамызы аралығына төлесеңіз, сізге мәртебе берілмейді, өйткені ағымдағы ай төлемге кірмейді. Тиісінше, жүйе төлемді тек 11 айға ескереді.
- Мен алдағы 12 ай үшін төлем жасадым, маған 2023 жылдың қыркүйегіне дейін мәртебе берілді. Егер мен осыдан кейін жарна төлеуді тоқтатсам, мәртебем сақтала ма?
- БЖТ төлеушілерден басқа төлеушілердің барлық санаттарында сақтандыру мәртебесі МӘМС-ке соңғы төлем төленгеннен кейін 3 ай бойы сақталады. Соңғы төлем 2023 жылдың қыркүйегінде болды делік, демек сақтандырылудың шартты мәртебесі 23 жылдың желтоқсанына дейін сақталады. Бірақ, осы кезеңде сіздің қарызыңыз жинақталатынын түсінуіңіз керек, болашақта мәртебеңізді сақтау үшін оны өтеу керек болады.
- Мен төлем жасауды тоқтаттым, мәртебем 3 ай бойы сақталды, содан кейін жойылды делік, мен өткен айлар үшін қарызды төлеуім керек пе, әлде алдын ала бір жылға жарна төлеп, сақтандырылған мәртебені тағы «сатып ала» аламын ба?
- Егер Сіз жарнаны бір жылға алдын ала төлесеңіз, онда өткен кезеңдегі берешек ескерілмейді. Бірақ, бұл жерде мәртебе тек болашақ кезеңге тағайындалғанын ескеру керек. Мәртебені қазір алу үшін сізге МӘМС-ке ағымдағы ай үшін де ақы төлеу қажет.
- Жыл сайын АЕК және ЕТЖ мөлшері өзгеріп отырады, дербес төлеушілер үшін медициналық сақтандыру жарналарының мөлшері соңғысына байланысты болады. Келесі жылы ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін ұлғайту туралы жарияланды. Тиісінше, МӘМС жарналарының мөлшері өзгеруі керек. Мен осы өзгерістерді ескере отырып төлем жасауым керек пе, әлде қазіргі мөлшерлемелер бойынша төлеуіме бола ма?
- Төлемдердің мөлшері белгілі бір қаржы кезеңінен бастап, әдетте 1 қаңтардан бастап белгіленеді. Қазіргі уақытта дербес төлеушілер 60 мың теңгенің 5%-ын төлейді, бұл – 3 000 теңге. Тиісінше, егер сіз келесі жылға осы жылы жарна төлейтін болсаңыз, жарналардың қолданыстағы мөлшеріне қарай аударасыз. Егер сіз 2021 жылы өткізіп алған айларды төлегіңіз келсе, онда сіз 2 125 теңгеден төлейсіз, өйткені сол кезде ЕТЖ мөлшері 42 500 теңге деңгейінде бекітілген. Егер сіз МӘМС-ке жарналарды 2023 жылдан бастап төлейтін болсаңыз, онда жарна мөлшері басқа болуы мүмкін.
- Егер мен МӘМС-ке жарнаны 1 жылға алдын ала төлеп, содан кейін жеңілдігі бар санатқа көшсем, төленген сомадан айырманы қайтара аламын ба?
- Жоқ, бұл төлемдерді қайтаруға болмайды, өйткені олар артық немесе қате төленген деп саналмайды. Алайда, әр жағдайды жеке қарастыруға болады. Адам бір кезеңде жарнаны екі рет төлеген немесе төлем жасау кезінде қандай да бір қате жіберген болуы мүмкін, мысалы ЖСН-ді дұрыс көрсетпеген шығар. Мұндай жағдайларда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, қаражатты қайтару үшін растайтын құжаттарды қоса беруге болады.
- Егер мен жеңілдік санатында болсам, содан кейін одан шықсам, мен міндетті түрде бір жылға алдын ала жарна төлеуім керек пе, әлде ай сайын төлем жасай аламын ба?
- МӘМС-ке жарна төлеу міндеті заңмен бекітілген, бірақ төлем әдісін адам өзі анықтайды. Бұл жағдайда бірнеше нұсқа болуы мүмкін.
Бірінші. Егер сіз бір жылдан астам уақыт бойы үзіліссіз жеңілдік санатында болсаңыз және мемлекет сіз үшін шегерім жасаған болса, жеңілдік мәртебесінен шыққаннан кейін сіз үнемі төлемдер жасап, сақтандырыла аласыз.
Екінші. Егер сіздің жеңілдік мәртебеңіз бір жылдан аз уақыт ішінде белсенді болса және оған кіргенге дейін төленбеген айлар болса, сіз мәртебені алу үшін дереу қарызды төлеп, үнемі аударымдар жасауды жалғастыра аласыз немесе ағымдағы ай мен келесі 12 айдағы жарналарды төлей аласыз. Егер сіз жарналарды келесі жылға ғана төлейтін болсаңыз, онда сіз бірден емес, келесі айдан бастап қана сақтандырылған мәртебесіне ие боласыз.
- Егер мен БЖТ төлеуші боп, қыркүйек айына жарна төленген болса, бір жылға мәртебе ала аламын ба?
- Бұл механизм тек дербес төлеушілер үшін қарастырылған. Сіз төлеушілердің осы санатына оңай ауыса аласыз, содан кейін бір жылдағы мәртебе сізге қолжетімді болады. Егер сіз БЖТ төлеуші санатында қалғыңыз келсе, алдағы кезеңдерге төлемдер жасай аласыз, бірақ тек осы жылдың соңына дейін ғана.
Неліктен? Біріншіден, келесі жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем мөлшері өзгеруі мүмкін. Екіншіден, азаматтардың кейбір санаттары – бухгалтерлік есеп немесе аудит, сақтандыру қызметі саласында және құқық, әділет және сот төрелігі саласында консультациялық, маркетингтік қызметтер көрсететіндер БЖТ төлеушілер қатарынан шығарылады.
Бүгінгі таңда Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді шетелдік азаматтар, жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскерлер, сондай-ақ коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беретіндер төлей алмайды.
- Тағы нені білу маңызды?
- Төлемдердің болуы және бір жылға мәртебе беру туралы ақпаратты сақтандыру мәртебесін тексеретін тәсілдермен – Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе Telegram SaqtandyrýBot арқылы алуға болады.
Төлемдер мен мәртебе туралы ресми құжатты «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы eGov.kz электрондық үкімет порталынан алуға болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл 5 қыркүйектен бастап МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды.