«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»

376
көрілім

«Абайдың табиғаты, Абайдың дауысы, Абайдың тынысы – бұл заман тынысы, халық дауысы. Бүгінде ақын дауысы біздің дауысымызбен ұштасып, қатая түседі және тың қуат алуда» дейді Мұхтар Әуезов. Әр халықтың өз данышпаны, ауыз толтырып айтатын мақтанышы болады. Сол тұғыры биік тұлғасы ұлттың рухын, ішкі пайым-парасатын, мәдени мұрасын төрткіл дүниеге паш етеді. Біз үшін осындай ұлы адам – Абай Құнанбайұлы.

Бозбала шағында Абай шешендік өнерді, халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрін жетік меңгеріп, рулар арасындағы күрделі де даулы мәселелерді әділ шешудің үлгілерін санасына сіңіруге ұмтылды. Ол кемел білім мен даналықтың қайнар көзі – батырлар туралы халық ертегілерінде жатқанын ұғынды. Жас кезінен көнекөз қариялар мен аузы дуалы ақындардың есті әңгімелерінен көп сусындап, халық поэзиясының үлгілерін сіңіріп, оларға еліктей отырып алғашқы өлеңдерін жаза бастады.

Абайдың үйіне бойында дарыны бар және рухани білімнің кәусәрінен қанып ішкен данагөй жандар жиі қонаққа келіп тұратын. Солардың ішінде Дулат ақын да болды. Ол Абайдың ақындық қабілетін алғашқы өлеңдерінен-ақ танып, болашақ ақынға батасын берді:

– Шырағым, ер жетерсің,

Ер жетсең, сірә, не етерсің.

Алысқа шырқап кетерсің,

Шындасаң шыңға жетерсің.

Абай өз туындыларын жинап, сақтамаған. Сондықтан оның қағаз бетіне түсірілген көптеген еңбектері бізге жетпей қалды. Халықтың жатқа айтқан өлеңдері ғана ауыздан ауызға тарап келген. Қалғандары Мұрсейіт қолжазбаларына енгізілді. Тағы бір айта кетерлігі, Абай жазған дүниесін еш түзетпеген. Оның өзі егер туындыларына өзгерту жасаса өлеңдері шыңдала түсуі мүмкін екендігін бірнеше мәрте айтқан-тұғын. Бірақ алғаш жазылған туындыларының өзі Абайдың қарым-қабілетін, ой-санасының ұшқырлығын, даналығын айшықтай түседі.

 

Абай жай жатып, ерте оянған. Ол көп еңбектенді, шабыт келген кезде қолына қауырсын қалам алып өлеңдерді ақ параққа төгілтті. Осындай сәттерде таланттың құдіреті мен құпиясы ашылғандай! Оның туындылары кейде керемет ұйқастарды құрған импровизациялық ақындардың жырлары іспеттес көрінеді.

Абай өзінің алғашқы өлеңдерін Көкбай Жанатайұлының атынан жариялағанын кейбіреулер білмеуі де мүмкін. 1886 жылы Абай ауылы Бақанас өзенінің жағасында орналасқан. Қытымыр қыстан кейін жайлауға көшу, көктемгі гүлденген дала мен ауыл халқының жүзіне үйірілген қуаныш лебі хакімге әсер етпей қоймады. Сол кезде ол көптің көкейінен ерекше орын алған туындыларының бірі – «Жаздыкүні шілде болғанда» өлеңін жазған:

Жаздыкүні шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда;

Шұрқырап жатқан жылқының

Шалғыннан жоны қылтылдап,

Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

Кұйрығымен шылпылдап,

Арасында кұлын-тай

Айнала шауып бұлтылдап.

Жоғары-төмен үйрек, қаз

Ұшып тұрса сымпылдап.

 

Тұңғыш рет бұл өлең толықтай 1889 жылы «Дала уәлаяты»газетінде жарыққа шықты. Абай өмірінде бірінші рет өз туындысына риза болды. Ол Көкбай досына тиісті ақшаны төлеп, өлеңіне өз атын жаздырды. Осыдан кейін Абай қайтадан поэзияның құдіретін түсініп, өмірін өлеңге арнады:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

 

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,

Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.

Шу дегенде құлағың тосаңсиды,

Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.

Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,

Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.

 

Абай ауылы кезінде қазақ мәдениетінің ерекше орталықтарының бірі, таланттар шоғырланған киелі мекен болды. Ақын өз айналасына талантты жастарды жинады, оларға білім, мәдениет пен өнерді насихаттады және ұлы поэзия әлемімен таныстырды. Абайдың бұл бастамасын балалары, туыстары, жақындары да қолдады. Олар көбінесе Мұхамеджанды, Әлмағамбетті, скрипкашы Мұқаны және басқа да талантты адамдарды тыңдауға әуес еді. Абай ауылындағы көптеген кештер поэзия мен өнердің мерекесіне айналды. Абай Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Тәттімбет сияқты халық композиторларының шығармаларына сүйсінді. Ол әсіресе домбыраны күмбірлеткенде бойыңды елітетін күйшілер мен ән өнерін ерекше бағалады:

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй.

Ақын әуен арқылы әлемнің сұлулығын жеткізе алатындығын түсінді. Абай біршама ән шығарды. Өкінішке қарай, олардың көбісі жоғалып, бізге жетпей қалған. Бүгінде хакімнің кей туындылары халық әндеріне айналып кеткені хақ.

Абай шығармалары қазақстандықтарды, оның ішінде өскелең ұрпақты өз халқына қызмет етуге, ағартушылыққа, білімге ұмтылуға, мәдениет арқылы ұлттың дамуына қолдау көрсетуге шақырды. Оның айтқан сөздері әлі күнге дейін өзекті. Абай өмірі - кейінгі ұрпақ үшін ақиқат пен әділдікті іздеудің нағыз үлгісі. Хакім бірнеше сағат бойы кітапханада тапжылмай отыра беретін. Ол тыныш бөлмеде жаңа әлемнің бетін ашып, ғылымның, поэзияның кәусарынан қанып ішетін еді. Абайдың кітапханаға барған кезі Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында былай деп суреттелген:

...Кітапхананың ұзынша оқу бөлмесінде жұрт отыр екен. Абай бұл үйге кіргенде әр үстелдің айналасында екіден, үштен отырып кітапқа үңілген жастарды байқады.

«Осы – шаһардағы ең бір қадірлі орын-ау!» деп ойлана қарап, жақсы бейілмен кіріп еді. Абай танитын ажымды жүзді, шоқша бурыл сақалды, жұпыны киімді қарт кітапханашы жымия күлді.

Залдың бергі шетінде мұртын сәнмен ширатқан, бұйра шашты, жылтыр жүзді чиновник отыр еді. Ол қатарындағы биік прическасы бар сәнді киінген жас әйелге күлімдеген көзбен, жиі иіледі. Бұл жерде де бозбастық дағдысын ұмытпағандай.

Сол жігіт кітапханаға Абай кіргенде, қасында отырған паң жүзді көрші әйеліне Абайдың келе жатқанын көрсетті. Залдың ішіндегі оқушының біразына естіртіп, даурыға түсіп, тұрпайы бір әзіл айтты. Ол әзілі кең шапан киіп, бұнда отырған жұрт үлгісінен басқаша көрініспен келген, сахара қазағы Абайды қағытқан сөз еді.

- Бұл не ғажап! Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болған? – деді.

Абай бұл кезде кітапханашы қартқа қол беріп амандасып, өзіне керек кітабын енді атағалы тұр еді. Жаңағы тұрпайы әзілді құлағы шалысымен чиновник жаққа салқын ызамен, жалт етіп бір қарады. Чиновникке жақын отырған бірер жас оқушыны қостап, ойсыз күліп қалған екен. Бірақ жігіттің қасындағы тәрбиелі, көрікті әйел күлген жоқ. Чиновникке тұңғиық қаракөк көздерін кейіспен бұрды. Қабағын аз шытынып, жігіттің әдепсіздігі үшін қызарып кетті. Абайдың алғашқы ашуы бір-ақ сәтке білінгендей еді. Енді күлкілі мысқыл жүзбен жігітке бұрылды да, лезде жауап қатты:

- Чиновник мырза, түйе кірсе несі бар, бұнда ол түгіл, есек те отырыпты ғой! – деді.

Чиновник бір қуарып, бір қызарды да үні өшті. Оның қасындағы әйел шалқия түсіп, қатты күліп жіберді. Абайға соншалық мейірлі жүзбен, көз қиығымен бір қарап, бетін басып төмен иілді. Абайдың сөзін естіген оқушының бәрі де қатты күлісті…

Михаэлиспен кездесуі Абайдың дүниетанымына, оның поэтикалық шығармашылығының қалыптасуы мен дамуына әсер етті. Михаэлис оны орыс және еуропа мәдениетімен таныстырды. Абай заңгерлермен, ғалымдармен, суретшілермен және жазушылармен көп араласып, олармен қарым-қатынас орнатты. Ақын сол жандардан білім алып қана қоймай, өз халқының тарихын, әдет-ғұрпын, философиясын және дінін түсіндіруге ұмтылды. Абайдың достарымен кездесуі көбінесе кітапханада болатын. Зиялы қауым өкілдері кітапханаға тек кітап алу үшін емес бір-бірімен сөйлесу мақсатында табан тірейтін еді.

Джордж Кеннан “Сібір және жер аудару” (1891) атты еңбегінде Семей кітапханасы туралы, Абайдың сол кітапханада жиі болатынын, Льюис, Милль, Дрепер шығармаларының орыс тіліндегі аудармасын оқитынын, ағылшын философиясына тереңірек үңілетінін А.Леонтьев деген жер аударылып келген орыс азаматынан естігенін баяндайды:

– Қаланың ортасындағы қарапайым ағаш ғимарат, сол жерде барлық ресейлік газеттердің, журналдар мен кітаптардың түрлі таңдауы бар жайлы оқу залы орналасқан. Мен ол Спенсердің, Бокляның, Льюистің, Миллдің, Тэннің, Леббоктың, Тейлордың, Текслидің, Дарвинның және Скотт Диккенстің романдары мен әңгімелерін көріп таңқалдым... Мұндай кітаптардың топтасуы таңдау жасаған адамдарға құрмет ұялады. Кітаптардың арқасында менде бұрын естігендерге қарағанда Семей қаласы жайлы жақсы пікір қалыптасты.

Қазіргі заман ғалымдары Абай мен Шығыстың, Ресейдің және Батыстың басқа да ұлы ойшылдары арасында көптеген ұқсастықтар бар екендігін айтуда. Абай философиясының кілті - адам мен табиғатты сүю, өзін-өзі тану жолы. Дана Абай екі ғасырға жуық уақыт ішінде ойының тереңдігімен және тілінің шұрайлығымен көпті тамсандырып келеді. Оның даңқы қазақ жерінің шекарасынан өтіп, оның талантты туындылары бүкіл әлемнің асыл маржанына айналды.