"Менің мектебім" және "Білікті маман" жобалары - болашаққа салынған инвестиция

360
көрілім

ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов білім беру саласындағы жобалардың нәтижесі туралы мәлім етті.
Көптілділік, жоғары білім алу үшін мамандықты дұрыс таңдау - жастар арасындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырудың бірден-бір жолы.
Үштілділік бағдарламасы аясында 3,5 мың тіл маманы біліктілікті арттыру курсынан өтті. Қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрген 450 мыңнан астам жаңа оқулықтар сатып алынды. Нәтижесінде мұғалімдердің әдістемелік құралды меңгеру деңгейлері 14%-лан 80 % дейін өсті. Ал білім сапасы 20% артты.  
Биыл көптілділікті дамыту бағдарламасы аясында француз және неміс тілдерін оқыту қолға алынды. Алдағы үш жылдың ішінде 3,7 мың мұғалім біліктіліктерін арттырады. "Менің мектебім" жобасы аясында 476 физика, химия, биология және роботты техника кабинеттері жабдықталды. Оған меценаттар жалпы сомасы 2,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. 647 ІТ-сынып ашылды. Онда балалар роботты техника, 3D-модельдеу және бағдарламалау бойынша тегін білім алуда. Биыл облыстағы 371 шағын комплектілі мектептегі білім сапасын арттыру мақсатында 2876 техника сатып алынды. Осы мектептерде жұмыс істейтін 573 мұғалім арнайы курстан өтті. Мұндағы мақсат - ІТ-класстарда сабақ беруді меңгеру.
Ал роботты техника, мехатроника және бағдарламалау пәндерінен сабақ беру үшін 1127 мұғалім "ІТ-маман" курсынан өтті. Бұл өз кезегінде жаратылыстану және ғылыми бағытағы білім көрсеткішін 44%-дан 66%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.  
- Ауыл мен қаладағы білім сапасының көрсеткіштері теңесті. Осылайша, өңірдегі барлық бала ІТ-бағдарламаларды меңгеруге қол жеткізді, -деп атап өтті Даниал Ахметов.


Облыстағы мектептердің оқушылары ІТ-жарыстарға қатысып, бұл салада зор жетістіктерге жетуде. Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен Skills for geeks атты үш кезеңнен тұратын чемпионатқа 277 топ қатысты. Оның ішінде аудандардан 2134 бала келді.  
Биыл облыста алғаш рет "Jastar time” атты ІТ-хакатон өтті. Оған 14 команда қатысты. 40-тан астам бала үздік жобаларын ұсынды.  
Жастар жылына орай облыс орталығында 16-мамыр күні  "Jastar time” атты VII-фестиваль өтті. Онда мектептер мен колледждерден келген 200-ден астам бала мен студенттер қатысты. 95 жоба ұсынды. Төрт кезең бойынша бақ сынасты. Атап айтсақ, "Мейкерлік", "Junior skills”, “Startup-жобалар", “Cluster Pro”’ және робо полигон кезеңдері. Үздік ІТ-жобаларды ұсынған қатысушылар марапатталды. Оның ішінде мектеп оқушыларының 10 Start-up жобасы іске асырылды. Оларға “Digital East - болашаққа қадам" атты ІТ-форумда гранттар тағайындалды. Осы мақсатты жалпы сомасв 10,6 млн теңге бөлінді.  
Осындай жобалардың арқасында жастардың инженерлік графика, роботты техника және авиациялық жүйені пилотсыз басқару, мехатроника салаларына деген қызығушылықтары артуда.  
Аймақтағы ЖОО-ның бәсекеге қабілеттігін арттыру және түлектердің шетелге кетуін азайту мақсатында "Білікті маман" жобасы іске асырылуда. Күні бүгінге дейін ШҚО-да еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін 1046 грант бөлінді. Оның ішінде 400-і биыл тағайындалды. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шетелге кететін түлектерді 48%-дан 56%-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша, өзге мемлекеттерде білім алуға ниетті жастардың саны 3 есеге азайды.