Меновное кентінің тұрғындары әкімдік жұмысына наразы

262
көрілім
Фото сурет автордыкі

Бұл күндері қайсыбіріне барсаңыз да кент тұрғындары қордаланған мәселелерді айтып беруге әзір. Олар жүргізілген жөндеу жұмыстарының аяғына дейін жетпегенін, оның зардабын тартып жатқандықтарын алға тартуда. Осы мақаламыз Меновное кентіндегі қордаланған мәселелер жайлы болмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазір кент ішінде жер дегдіп, қара жердің сұлбасы толықтай көрінген. Егер осыдан 1 ай бұрын барғаныңызда лай батпақтың үстінен түсіп, тобығыңызға дейін ластанар еді. Үйдің егесі баспанаға кірер жол таппай, темір қашаға жабыса-жастана, кірпішті басып қана ауласына кіріп жүрді. Кент тұрғыны Сайлау Уалиев жергілікті жұртшылық атынан бізге талайды толғандырып жүрген мəселелерді жіпке тізіп берді.
- Орталық көшемен іргелес жатқан көшелердің барлығында дерлік жарық жанбайды. Жол сапасы нашар. Асфальттің төселмеуі себепті әсіресе көктем мен күз айларында балшықтан көлікті қойып, жаяу жүру мүмкін болмайды. Мəселе мұнымен бітсе игі еді. Алайда бұдан басқа да түйткілдер толып жатыр, - деді ол.
Тұрғын өз сөзінде кент көшелерінде қоқыстың жиналмай шашылып жататынын, оған қоса топтасып көше кезіп жүретін қаңыбас иттердің көп екенін жеткізді. Меновное жұртшылығы жоғарыда айтылған мәлелелердің оң шешімін табуын тілейді.

 

Осы ретте, елдің мұңына биліктің не деп жауап қайтаратынын білу үшін қала әкімдігіне сұраухат жіберіп көрдік.
- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қаражат бөлініп Юбилейная көшесіндегі 849, 504 метр жолға асфальт төселді.Ал  2024 жылы Меновное кентіне көше жолдарын орташа жөндеуге қаржы бөлінбеді. Осы жылы кент көшелеріне жарық шамдарын орнату қарастырылмаған. Жарықтандыру жұмыстарын іске асыру үшін тұрғындар Өскемен қаласы әкімі аппаратының сайтындағы «Халық қатысатын бюджет» бөліміне өтінім қалдыру қажет. Өтінім жауабы жоғарыдағы көрсетілген сайтта жарияланады, - деді Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашалығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.
Биыл қала бойынша 29 жол учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Жеке тұрғын үй секторында халық қоқысты арнайы шелектерге тастайды. Өрт қаупі туындамас үшін арнайы қоқыс контейнерлері қойылмайды.


- Қоқысты шығаруға арналған шарттар жасасу әрбір тұрғын үй иелерімен жеке-жеке жүргізіледі. Шарт жасасу үшін азаматтар арнайы мамандандандырылған ұйымға жүгінуі қажет. Қоқыс шығаруға жауапты ұйым – «Өскемен Тазалық» ЖШС. Қатты тұрмыстық қалдықтарды уақтылы шығару бойынша тұрғындармен күнделікті жұмыстар жүргізіледі. Қойылған қоқыс контейнерлері толып кету фактілері анықталған жағдайда, алдымен фототүсірілім жүргізіліп, кейіннен арнайы мобильді қосымшадағы топқа жіберіледі, - деп жауап берді Рашид Шерубаев.


Алайда қаңғыбас иттер туралы қойған сұрағымызға қала әкімдігінен ешкім жақ ашпады. Бұл мәселенің шешімін қалай табатыны әлі белгісіз. Сол баяғы жұмбақ күйінде қалып отыр. Көше кезген төрт аяқтылардың тұрғындарға қауіп төндіріп тұрғаны өтірік емес. Өзекті мәселенің арты ертең қайғылы жағдайға әкеп соқтырмасына кім кепіл? Бұған кім жауап бермек? Сондада халық әкімдіктен үміттерін үзбек емес. Түйіні тарқатылмаған тақырыптың шешім табатынына сенеді.

P/s:
Әкімдіктің бізге берген бар жауабы осындай болды.  Кент тұрғындары қала әкімдігі сөзден іске көшіп, нәтиже шығарады деп сенетіндіктерін жеткізді. Мәселе алдағы уақытта да біздің назарымызда болады.


Нұрдаулет ҚАЛИБЕКОВ