Өскеменде республика көлемінде белгілі қаламгерлер бас қосып, О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Ертіс жағасындағы сырлы һәм жырлы жүздесу» атты шарада оқырмандармен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әр жазған әңгіме, өлең, повесть, романдарында оралымды тіл, астарлы оқиғамен оқырманын баурап жүрген шығармашылық өкілдері Ләззат Қажаева жазған «Сәулелі ғұмыр» кітабының тұсаукесері кезінде әдебиет хақында ой бөлісті. Алғаш болып сөз алғандардың бірі жазушы, журналист, сыншы Мереке Құлкенов еді. Айтуынша, О.Бөкей атындағы кітапханаға екінші рет келіп отыр.
– Ат басын бұрған әр сәтімде ет жүрегім елжірейді. Қазақтың 10 жазушысын айтар болсақ, соның ең басында Оралхан тұрады. Әдебиеттің жарқын өкілі. Бүгін, міне тұсауын кескелі тұрған «Сәулелі ғұмыр» кітабын сөз еттік. Ләззат Бәженқызы оқиғаның әр бөлігін тамаша етіп жазған. Ал кітаптың жарық көруіне бастамашы болған Дидахмет Әшімхановтың ұлы Дәулетке де айтар алғысымыз зор. Өзім бастан аяқ оқып шықтым. Ерекшелігі сол, «Сәулелі ғұмырда» Дидахметтің образы Тұрсын Жұртбай, Құлбек Ергөбек, Әлібек Асқаровтардың ойы арқылы тамаша берілген. Портретін айтарлықтай көтеріп жіберген, – деді Мереке Әбдешұлы.