Күршім ауданының Боран және Марқакөл ауылдарынан хабарласқан бір топ оралман Қазақстан азаматтығын ала алмай әуре сарсаңға түскен. Түрлі сылтауды көлденең тартқан құзырлы мекеме қызметкерлерінің әрекеттеріне көңілі толмаған оқырмандарымыз амалсыздан газет редакциясына хабарласуға мәжбүр болды. Десек те, редакцияға жауап қатқан құзырлы мекемелер мұның барлығы азаматтық алуға уақытылы талпынбаған адамдардың өз кінәсі екенін алға тартады. Осы себепті газет тілшісі жағдайды саралап, азаматтық алуға қатысты мәселені анықтап көруге тырысты.
Газет редакциясына қоңырау шалып, өзін аталмыш адамдарға көмек көрсеткісі келетін жан екенін айтқан жергілікті адвокат қазіргі уақытта аталған екі ауылда сегіз оралманның ел азаматтығын ала алмай жүргендігін хабарлады. Олардың бірі Қазақстанда қатарынан он бес жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан оралман. Балалары мен жолдасының ел азаматтығын алып, өзінің бұл мәселеде шеткері қалғанын айтып шағымданған әйел бірнеше мәрте азаматтық алуға әрекет еткенін алға тартқан.
Бірнеше рет құжат тапсырып, құзырлы мекеме қызметкерлерінен кері жауап алған олардың себептері біреу ғана — оралман куәліктерінің мерзімі өтіп кеткен.
Біз бұл мәселені анықтау үшін облыс орталығында орналасқан бірнеше құзырлы мекемеге хабарласып, мәселені анықтап көруге тырыстық. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері болса әзірге бұл мәселеге қатысты облыстағы басқармалар мен көші-қон қызметіне ешқандай құжат келіп түспегенін айтты.
- Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі "Халықтың көші-қоны туралы" Заңының 25-бабы 6-тармағына сәйкес, егер оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш түсірмеген жағдайда, оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткен соң тоқтатылады, - дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова. - Оралман мәртебесі тоқтатылған этникалық қазақтар жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтығын қабылдау тәртібінен айырылады. Сондай-ақ "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, ел аумағында тұрақты тұратын этникалық қазақтар оралман мәртебесі тоқтатылған күннен бастап алты ай ішінде оны ұзарту туралы өтініш бере алады. Оралман мәртебесін ұзарту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган үш айдан аспайтын мерзімге бір рет қабылдайды.
Ал облыстық ІІД баспасөз қызметі болса, ел аумағында заңды негізде тұрақты тұратын оралмандардың жеңілдетілген тәртіпте азаматтық ала алатын мүмкіндіктің барын жоққа шығармайды. Ол үшін облыстық немесе аудандық, қалалық ішкі істер басқармалары басшыларының атына өтінішпен жүгіну қажет. Сонымен қатар аталмыш бағыттағы мәселелер бойынша тұрғындар облыстық Ішкі істер департаментіне немесе өздерінің тұрақты мекенжайы бойынша жергілікті аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі тобына жүгінуіне болады.
Қоса кетсек
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішке мынадай құжаттар тіркеледі:
- бұрынғы азаматтығынан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған өтініш;
- сауалнама-өтініш;
- міндеттеме;
- төрт фотосурет;
- жеке басын куәландыратын және басқа мемлекеттің азаматтығына тиесілігін растайтын құжаттың көшірмесі;
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын оралмандар — нотариалды куәландырылған оралман куәлігін;
- жоғары оқу орнында оқитын этникалық қазақтар — оқу орнында оқитынын растайтын жоғары оқу орнының анықтамасын;
- ұлтын растайтын анықтама;
- туу туралы және неке қию туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
- өмірбаян;
- арнайы есептер бойынша тексеру құжаты.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ