Талапкерлерге Ұлттық Бірыңғай тестілеуді қаңтарда тапсыру мүмкіндігі пайда болды, деп хабарлайды газет тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, қаңтарда өтетін тестілеуден кейін талапкер ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштер 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады. Мемлекеттік білім беру гранттары негізгі ҰБТ тапсырылғаннан кейін үлестіріледі.
- Қаңтарда Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысатындар:
- орта мектептердің 11-12 сынып оқушылары (2019-2020 оқу жылында ЖОО-да ақылы негізде оқу үшін). Қаңтар айында өтетін бұл тестілеу түлектерге негізгі тестілеудің алдында өз білімдерін тексеру үшін таптырмас мүмкіндік. Мемлекеттік білім беру грантына үміттенген талапкер 2019 жылғы жазда өтетін ҰБТ-ны міндетті түрде тапсыруы қажет. Өйткені, қаңтар айындағы тестілеуде шекті балл жинаған жастүлек бұл сертификатымен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады;
- ЖОО-ға уақытша тіркелген және бірінші семестрді аяқтап жатқан студенттер. Бұл тестілеуден студент білім алып жүрген оқу орнына ресми тіркелу үшін және ЖОО-дағы оқуын жалғастыру үшін өтеді. Егер студент шекті балл (50 балл) жинай алмаса, оқудан шығарылады", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, талапкерлер қаңтарда өтетін ҰБТ-ға қатысқаннан кейін маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін байқауға қатысу мүмкіндігінен айырылмайды.Тестілеуге қатысу үшін өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ тапсыру пунктерінде қабылданады.
Қаңтар айындағы тестілеу ақылы, құны - 2242 теңге.
Ерлен ОСМАНОВ
Фотосурет Otyrar.kz