Мәжіліс депутаттары: Жаңадан құрылған аудандардың бастамаларын қолдаймыз

354
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ұлықбек Тұмашинов,  Ерлан Саиров пен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл күндері халық қалаулылары аймақтарда сайлаушылыр мен кездесулер өткізуде. Ермек Көшербаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелерін айтып өтті.

Депутаттар Риддер жылу электр орталығын қалпына келтірудегі мемлекет басшысы мен үкіметтің қолдауын, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетін жоғары бағалады.

Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 28 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының құрамында екі жаңа аудан -Үлкен Нарын және Марқакөл ауданы құрылған болатын. Бүгінгі кездесуде жаңа екі ауданды құруға қатысты ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.

     - Облыстағы бұрын жойылған шекаралас аудандарын қалпына келтіру жұмыстары әзірленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қалпына келтіріліп жатқан аудандарда жергілікті мемлекеттік органдардың штат санының лимиті, еңбекақы төлеу қоры, мемлекеттік органдар мен мекемелерді орналастыру үшін  әкімшілік ғимараттардың қажеттілігі анықталды,- деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

 Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен әкімшілік ғимараттарды салуға және жөндеуге, мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қосымша инфрақұрылым мен коммуникациялар құруға қажетті қаражатты бөлу мәселелері пысықталуда.

 Жаңадан ашылатын аудандарды республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы үкіметінің резервтерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізу қажет.

   - Біз Шығыс Қазақстан облысының Мәжіліс депутаттары ретінде облыс басшылығының жаңа аудандардың тұрақты жұмыс істеуі жөніндегі ұсыныстары мен бастамаларына кез келген шақта қолдау көрсетеміз», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.