ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшелері З.А.Камасова, И.И.Панченко, А.М. Рахимжанов Шығыс Қазақстан облыстық және Өскемен қалалық мәслихаттары депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиында Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының іске асырлуы талқыланды.
Облыста "Nur Otan"партиясының облыстық, 4 қалалық және 15 аудандық сайлауалды бағдарламаларының жүйелі мониторингі ұйымдастырылды. Жалпы 2021 жылғы өңірлік сайлауалды бағдарламалардың орындалуына жүргізілген талдау бойынша 2021 жылға жоспарланған 1055 іс - шараның 1016 - ы (96%) орындалып, 79 шара, яғни 7% - орындалу сатысында.
Атап айтқанда, орындалған іс-шаралар шеңберінде Семей қаласында Ядролық медицина орталығы, Риддер қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша цех, Шемонаиха ауданында Рулиха ауылында сүт-тауар фермасы, мультикультураларды қайта өңдеу бойынша кәсіпорын пайдалануға берілді.
Өскемен қаласында 2 балабақша, Жарма ауданының Әуезов кентінде 1 Мәдениет үйі, Көкпекті ауданының Самар ауылында, Алтай ауданының Серебрянск қаласында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
- Күні кеше Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің тұрғындарымен жүздестім. Кездесу барысында тұрғындар аудан орталығында аурухана мәселесі бар екендігін жеткізді. Бұл әрине өзекті мәселе, тұрғын үйде орналасқан аурухана азаматтар үшін қолайсыздық тудыруда. Бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасында 2022 жылы қолға алынатындығы көрсетілген. Алдағы уақытта осы нысан бойынша жұмыстың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын өз бақылауымда ұстайтын боламын, - деді мәжілісмен Әмірхан Мұратбекұлы.
Жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан облыстық және Өскемен қалалық мәслихаттарының депутаттары өзгеде өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, кейбір мәселелер бойынша мәжілісмендік әріптестерінің араласуын сұрады.
Депутаттар сайлауалды бағдарламаның кейбір бағыттары бойынша жүзеге асырылмаған іс-шаралардың бар екендігін де атап өтті.