Өскеменде тұратын бозбаланы қазір қала жұрты мен жастар біршама біліп қалған. Түрлі танымдық һәм мәдени шараларға ұйымдастырушылар кейде өздері шақырса, кейде жерлесіміз бастама танытады. Небір хит әндерді орындап, үлкен сахналарға да шығып үлгерген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақша әндер қатарын молайтпақ
Әдемі әңгіменің өрбуіне әсер еткен жайт әлеуметтік желідегі бейнежазбалардың бірі. Әлдебір зал ішінде мемлекеттік тілде әндетіп тұрған бозбаланың өнерін көріп, назарымыз бірден ауды. Леонард Семей шаһарында өмір есігін ашқанымен көп жылдан бері Өскеменде тұрады. Қазір жасы он алтыда. Мектепте оқығанда түрлі жарқын ойдың жетегінде жүріп, сол уақыттан нақты жоспарын құра бастады десек те болады. №42 мектепті тәмамдап, қаладағы көпсалалы колледжіне оқуға түсті. Қазір «Аспаз» мамандығының 1-ші курсында оқып жүр.
– Тамақ пісіру кішкентай кезімнен бергі арманым. Қоғамдық тамақтану орындарының барлығында сұранысқа ие мамандық түрі. Мектеп асханасынан бастап әлемдік деңгейдегі алпауыт мейрамханаларға дәмді тағам пісіретін аспаздар қажет, – деді ол.
Бірақ кейіпкеріміз мұнымен тоқталғысы келмейді. Ас-су әзірлеудің алғышартын қалыптастырып алып, музыка әлеміне терең бойлағысы келеді. Осы жазда Өскемендегі музыкалық колледжге ауысқысы келеді. Одан кейінгі бағыты айқын – тек осы соқпақпен жүреді. Сәті түссе қалың жанкүйер қайталап тыңдайтын қазақ тіліндегі біршама әнді жаттап, музыкалық қорын толықтыруға ниетті.
– Ел көлемінде Қайрат Нұртастың өнері ерекше ұнайды. Сосын Ернар Айдар мен Төреғали Төреәліні жалықпай тыңдаймын. Кейбірін орындап та көрдім. Өзім ең алғаш 4-ші сыныпта ән айта бастадым. Сыныпта бір баланың туған күні болып, маған шығармашылық тапсырма түсті. «Қазір саған ән береміз. Соны жаттап алып, бізге орындап бере ғой» десті апайлар. Мен келістім. Басында ұялғаным рас. Көп адам қарап тұрса да, қобалжуым басылып, тапсырманы ойдағыдай орындадым. Қандай ән дейсіздер ғой? Қайрат Нұртастың «Туған күні», – деді Леонард.
Жерлесіміз көп сауалға қысқа әрі нақты жауап берді. Суыртпақтап сыр тартсақ та, ұзын-сонар сөйлемдер төгілген жоқ. Ер-азамат болған соң аз сөзділігі де қуантпай қоймады. Анығы сол, Леонард қазақ тіліндегі әндер легін молайта түспек. Тіпті, сонау 4-ші сыныпта жаттауға берілген мәтінді дереу санасына тоқыпты.
– Ол кезде қазақ тілін түсінбейтінмін. Маған әннің мағынасын түсіндіріп берді. Содан болар, қиын болмады. Қазір «Атамекен», «Аспанға қараймын», «Ақ сәулем», «Мен қаладым» әндерін түрлі мәдени шаралар кезінде орындаймын. Осы жазда өз әнімді жарыққа шығарсам деймін. Қазір соны толықтырып, пысықтап жатырмын. Әзірге, түрлі қазақша әндердің cover нұсқаларын айтамын, – деді ол.
Шынтуайтында, болашақ аспаз әрі әншінің күзге салым іске асуын күтіп жүрген жоспары бар. Әңгіме арасында оның да аңдатпасымен бөлісті. Қысқасы, Леонард жаз аяқтала концерт өткізіп, жеке альбомын шығармақшы. Бірақ ол үшін өз жазған бес авторлық әні болуы тиіс. Сол аралықта той-томалақтарға шығып тұрады.
– Той иелері өздері шақырып, ара-тұра өзім де шығамын. Ең алғаш барғаным есімде: қонақтап қиқуға басып, мейрамхана іші әп-сәтте думанға бөленді. Бірінен-соң бірі биге басып, кейбірі суретке түсті. Бұл 2024 жылдың 13-ші сәуірі болатын. «Ақ сәулем» мен «Қызыл өрікті» айтып, көптің көңілі көтеріліп қалды, – деді Леонард.
«Домбырада ойнап үйренгім келеді»
Биыл қазақтың шапанын киіп, әз-Наурыз кезінде әуезді әндерін көпке ұсынды. Айтуынша, «Ақ сәулемді» орындағанда, айналадағы адамдардың көбі жастық шақтарын еске түсіріп, ырғақты биге көшеді.
– Қазақша әндер айтқаным – мемлекеттік тілге деген құрметім. Ата-ана мен жақындарым разы болып, «міне, патриот!» деп қолдауларын аямайды. Отбасымда музыкаға бет бұрған мен ғана. Негізі бір әнді жаттап, оны өз ыңғайыма икемдеу үшін екі аптадай уақыт қажет, – деді жерлесіміз.
Қазір бойында бар мүмкіндігімен мемлекеттік тілге деген құрметін көрсетіп жүрген болашақ өнер иесі қазақ күйлерін де сүйсініп тыңдайтынын жеткізді. Әсіресе, «Адай» қосылса, делебесі қозады. Біртіндеп қазақ тілін үйреніп жүр. Қазірдің өзінде көп сөзді түсінеді. Соны пайызбен есептеп көріп еді, мемлекеттік тілді түсінуін 50=50 деп бағамдады.
– Домбырада да ойнап үйренгім келеді. Қос ішекте көп мағына жатқандай. Тағамдарға келсек, бешбармақ жеп, қымыз ішкенге не жетсін?! Мен үшін арман ұғымы – игі мақсаттардың уақтылы орындалуы. Болашақта танымал әнші болсам деймін, – деп Леонард ойындағысын бүкпесіз жеткізді.
Қолы қалт етсе, кітап оқығанды құп көреді. Бидай өңді сұңғақ жігіттің сөзінше, Александр Пушкин жазған «Капитанская дочь» тарихи романы – ең сүйікті шығармаларының бірі. Толыққанды оқып шыққан соң көтеріліс кезіндегі қым-қуыт өмірдің қамытын киіп көргендей әсер алыпты.
Леонард үйдің үлкені. Одан кейін қылықты қос қарындасы бар. Бастысы, үлкен сахналарға шығып, қалың көрермен алдындағы қорқынышын толықтай жеңіп үлгерді. Ұялғаны рас. Бірақ «Аспанға қараймын деп» ортаны серпілтіп, шараны «Атамекенмен» қорытындылауы лезде көптің қошеметіне бөлеген. Жан-жақты қолдаулардан соң қысылып-қымтырылуды да қойды. Леонард үшін музыка деген – көңіл-күй өнері. Бар назар саған ауғанда олардың езу тартып, тапжылмай отырып тамашалаулары айрықша сезімге бөлейтін көрінеді. Қазір өзі қызығушылық танытып, ауаны ауып жүрген қазақтың 80-ге тарта әні бар. Оқу мен қарбалас тірлік арасында соларды жаттайды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ