Моңғолияда болып жатқан жұттың кесірінен бір жарым миллион бас мал қырылып қалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі smi24.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаңтар-ақпан айларында қалың қар жауып, халықты әбігерге салды. Моңғолияның батысында кілең қазақтар тұратын Баян-Өлгей аймағында да мал азығы табылмай, төрт түлік шетінен қырылып жатыр. Қалың қар, қатты аяз, боранның кесірінен шеткі аудандар облыс орталығына қатынаудан қалған. Қолдағы жем-шөп таусылып, қардың қалыңдығы төрт түлікті жайылымға шығаруға мүмкіндік бермей отыр.
Баян-Өлгей радиосының хабарлауынша, аймақ пен аудан орталықтарын жалғайтын жолдарды тазалау қатты боранның кесірінен соңғы 20 күн бойы ешқандай нәтиже бермей тұр. «Қалың қардың кесірінен сумынымызда (ауданда-ред) төтенше жағдай орын алып, малшылардың, халқымыздың жағдайы күрт нашарлап, қатынайтын жолдар жабылып, өте қиын жағдай орын алуда. Аймаққа қатынайтын жолдар жабылып, 20 қонақ бойы ешқандай байланыссыз қалған. Сай-саланың жолдарын еріктілер арқылы күні-түні қардан аршуға тырысып жатырмыз. Ауа райының өзгеруінен жүріс –тұрыс қиындады. Аймақ әкімінің орынбасары және төтенше жағдайлар басқармасының бастықтары келіп жатыр. Жүк көліктері жүруге әлі қолайсыз. Малшылар қар құрсауында, олардың көбімен байланыс жоқ. 30 мыңдай ұсақ мал көрші аймақтарға отарлап кеткен. Мал наурыздан бастап төлдеу керек, бірақ Булғын көлемінде малдың 90% іш тастағандықтан биыл төл алу нәтижесі аздау деп айтуға болады. Қазіргі кезде малшылар төл емес, мал басын аман алып қалу үшін күресуде», - деді Баян-Өлгей аймағы Булғын ауылдық округі 4-бөлімшесінің әкімі Мұрагер Ерболұлы.
Былтыр да осындай жағдай болған. Мал шаруашылығы – ел экономикасының маңызды секторының бірі. Сондықтан төрт түлік өсірумен күн көріп отырған халықтың жағдайы қиын. Аяздан бөлек елде қалың қар бір ай жауған. Кей жерде қардың қалыңдығы бір метрден асады. Қиналып жатқан малшыларға жәрдемдесу үшін кейбір университет студенттері бір айға оқудан босатылды. Ал Қазақстан халқы жұттан қиналып жатқан қандастарына көмектесу үшін жаппай қаражат жинап жатыр.