- Қолымда 31 жастағы І-топ мүгедегі қызым бар. Оған топ мүгедегі үшін берілетін жәрдемақы тағайындалған. Білгім келетіні, осындай мүгедек жанды күтіп отырған адамға мемлекет тарапынан қандайда бір жәрдемақы неге төленбейді екен?
Тарбағатай ауданынан тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңызға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Сәтеков жауап берді:
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мүгедек болып танылған адамға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Оның мөлшері мүгедектік тобына, ауру себебіне және "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" заңына сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланыстырылған тиісті коэффиценттерге байланысты болып келеді. Аталған азаматшаның 1987 жылы туған қызы бала кезінен І-топ мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленіп отыр. Қазақстан Республикасының "Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" заңымен, мүгедек баланы тәрбиелеуші әкесіне немесе шешесіне, асыраушысына, қамқоршысына ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындау қарастырылған.
Ал ҚР "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" заңының 1-бабына сәйкес мүгедек бала — ағза функциялары тұрақты бұзылып, тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан денсаулығы бұзылған он сегіз жасқа толмаған адам болып саналады. Сол себепті, 18 жастан асып кеткен мүгедек жанды тәрбиелеп отырған адамға мұндай төлемақы тағайындауға құқықтық негіз жоқ.
Сондай-ақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізуді тапсырған болатын. Енді тапсырмаға сәйкес биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен І-топ мүгедектерін бағып отырған ата-аналар үшін қосымша жәрдемақы төленетін болады. Оның мөлшері қандай болатынын қажетті нормативтік құжаттар қабылданған кезде қосымша хабарлайтын боламыз.