Мүгедектік ресімдеу кезінде қайда барып жүгінуге болады?

359
көрілім
Шартты фотосурет

Тәңір берген денсаулыққа күтім жасап, бір қалыпта ұстап тұру ұдайы мүмкін бола бермейді. Көңіл бөлінбесе сыр беріп, адам өзін жайсыз сезіне бастайды. Тіпті салауатты өмір салтын ұстанып, «мен, мен» деп өздеріне бек сенімді болғандар да күтпеген жерден жарақат алып, жол апаттарына түсіп жатады. Адамды еңбек ету қабілетінен айыратын ауру-сырқат түрлерінің себебі әралуан. Егер біреудің туысқанына, не біреудің жақынына мүгедектік бойынша құжат ресімдеу қажеттілігі туындаса не істеу керек? Қайда жүгінуге болады, қандай құжаттар қажет және мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына арналған үйірмелер бар ма? Осындай сауалдарға жауап іздеген тілшіміз толығырақ мәлімет ұсынбақ.

Шынымен-ақ, дос-жаран, туыс-туғандарымыздың бірінің басына іс түспей, мүгедектік туралы сұрақтар санамызға мүлде келмейді. Осыдан кейін көпшілігі ой иіріміне түсіп, не, қайда, қашан деген сауалдардың жетегімен бас қатыра бастайды. Бұл ретте оқырмандар тарапынан былтырдан бері мүгедектікке қатысты келіп түскен сауалдарға мейілінше толық әрі нақты жауап ұсынуға тырыстық. Мәселенің анық-қанығына бойлап, жауап табу үшін ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы мамандар ақпараттарымен бөліскен еді.

Жолдасым инсульт алып қалған еді. Дәл қазір жұмыс істеуге қауқарсыз, таныстарымыз мүгедектік ресімдеуге кеңес берді. Бұрын-соңды мұндай жайтпен ұшыраспаған едім. Білгім келетіні, қайда барып жүгінуге болады? Қандай құжаттар талап етіледі? Шын айтсам, істі неден бастарымды да білмеймін.

Анар Баяхметова

– Мүгедектік алу үшін ең бірінші медициналық-әлеуметтік сараптамадан (ары қарай МӘС) өту қажет. Оның өткізудің негізгі қадамдарының бірі – медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ары қарай ДКК) жолдамасы.

Сырқаттарды МӘС-ке іріктеп, жолдама берумен тұрғылықты жеріне қарай емханалар айналысады. Бұл ағза қызметінің бұзылғанын растайтын диагностикалық, емдік және оңалту шараларынан кейін жүзеге асырылады.

Сонымен ең алдымен не істеу керек деген сауалға сәйкес алғашқы әрекеттер төмендегідей болуы тиіс:

1. Дәрігер диагноз қою үшін немесе оны нақтылау, тиісті тексерістен кейін ақау деңгейін анықтау үшін өзіңіздің учаскелік терапевт-дәрігеріңізге, я болмаса білікті маманға жүгіну қажет.

2. Жүргізілген тексеріс қорытындысын алып тұрғылықты жеріңіз бойынша өзіңіздің медициналық ұйымыңыздағы ДКК-ға жүгінген жөн. Егер дәрігерлік-консультациялық комиссия шынымен де науқастың ағза қызметінде ақау барын анықтаса, онда сырқат адамға 088/у үлгісіндегі МӘС қорытындысы шығарылады.

3. Бұдан кейін медициналық-әлеуметтік сараптаманың өзі жүргізіледі. Ол МӘС бөлімдерінің немесе МӘС-тің денсаулық сақтау ұйымдарының тұрғылықты жері бойынша шығатын отырыс бөлімдерінде өтеді. Одан бөлек, амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсетіледі. Өздігінен жүре алмайтын сырқаттар үшін МӘС үй жағдайында (088/у үлгісіндегі ДКК жазбасында өздігінен жүре алмайтындығы көрсетілген жағдайда) жүргізіледі.

Куәландыру көрсетілген құжатқа сәйкес бекітілген формада МӘС жүргізу арызы бойынша іске асырылады. Яғни онда жеке басты растайтын құжат бойынша куәландыратын адамның немесе арыз жазылған жағдайда оның заңды өкілінің қатысуымен жүргізіледі.

Мүгедектік алу үшін құжаттардың түр-түрін тексереді деп естідім. Олар көбінесе мемлекеттік ақпараттық жүйелерде көрінеді. Дегенмен ол да қандай да бір кедергілерге ұшырап, бірқатар құжаттарды міндетті түрде апарып көрсету керек болады. Анықтағым келетіні, мүгедектік ресімдеу кезінде бірінші кезекте тексеретін құжаттарды алдын ала білуге бола ма?

Анель Тұрарова

– Куәландыру шынымен де мемлекеттік-ақпараттық жүйелер негізінде алынған деректерге сәйкес жүргізіледі:

  • МӘС қорытындысы (088/у үлгісіндегі);

  • Пациенттің жеке оңалту бағдарламасының медициналық бөлігі (медициналық ұйым 088-2/у үлгісі бойынша жасаған жағдайда);

  • Ауру динамикасын талдау үшін амбулаториялық пациенттің медициналық картасы. Бар болған жағдайда – тексерілу нәтижелері және маман дәрігерлердің қорытынды жазбалары, ауру тарихының көшірмелері;

  • Мамандар қорытындысы туралы қосымша деректер енгізу үшін жұмыс істейтін адамның жұмысқа уақытша жарамсыздығы жайлы қағазы;

  • Экспертиза қорытындылары туралы мәліметтерді жазу үшін жұмыс істейтін тұлғаның уақытша жұмысқа жарамсыздық листогі;

  • Еңбек жолын нақтылайтын немесе еңбекке жарамдылық жастағы тұлғаның алғашқы куәландыру кезінде ұсынған өндірістегі еңбек жағдайының сипаты мен жағдайы туралы құжат. Өндірістік жарақат алған немесе кәсіби аурумен ауырған жағдайда көрсетілген құжаттарды көрсету міндеттеледі;

  • Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қатысу немесе қатыспауды дәлелдейтін жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда өткізіледі;

  • Өндірістік жарақат алғаның адамның еңбек жылнамасы көрсетілген актісі кәсіби еңбекке жарамдылық себептерін анықтау үшін ұсынылады;

  • Кәсіби ауруға шалдыққан тұлғаның (екі жыл көлемінде) диагнозын бекіту кезінде денсаулық сақтау ұйымының берген қорытындысы;

  • Егер асырап алған болса, онда асырап алуды растайтын құжат;

  • Аты-жөні, тегін ауыстырғаны туралы (қажет болса) куәлік;

  • Тергеудің себеп-салдарын анықтайтын қызмет саласының өкілетті органы берген құжат – жаралануына, контузия немесе жарақат алуына, яки болмаса ауруға шалдығуына байланысты мүгедектік себептерін анықтау үшін бір рет беріледі.

Әпкеме туа бітті құлағының мүкісі болғандықтан мүгедектік тобы берілген. Анықтағым келетіні мынау: өмір бойғы мүгедектік қалай ресімделеді? Оған қоса, қандай жағдайда мүгедектікті жыл сайын растап отыру қажет?

Ерлан Өтеулиев

– Мүгедектік кәмелет жасына толған және одан ересектерге келесі мерзімдерге ресімделеді: алты ай, бір жыл, екі жыл, бес жыл және қайта куәландыру мерзімінсіз.

Көпшілігі мерзімсіз деп атайтын мүгедектік қайтымсыз анатомиялық дефект, ағза қызметінің бұзылуы, тұрақты және қайтымсыз өзгерістер, оңалту шаралары толыққанды жүргізілгенімен әсерінің болмауынан, мүгедектік тобының тұрақтылығына қарай, бұдан бөлек, бірінші топтағы мүгедек кемі төрт жыл, екінші топтағыға кемі бес жыл, үшінші топтағыға кемі алты жыл динамикалық бақылау жасаған соң зейнетақы жасындағы адамдарға оңалту болжамы қолайсыз болған кезде беріледі.

Мүгедек арбасына таңылғаныма көп уақыт болды. Қолымда көптен бері жасалған оңалтудың жекелей бағдарламасы (әрі қарай ОЖБ) бар. Алайда мен мүгедектерге бөлінетін гигиеналық құралдардың тізімі кейде жаңа атаулармен толықтырылатынын естіп едім. Бірақ олар мендегі ОЖБ-да жоқ. Білейін дегенім, өзімнің оңалтудың жекелей бағдарламама қалай өзгеріс енгізуге болады? Жалпы, осы тізімге қаншалықты жиі өзгеріс енгізуге болады?

Айман Ырысметова

Бұрыннан қалыптасқан ЖОБ-қа толықтыру енгізуді қарапайым түрде оңалтудың жекелей бағдарламасына түзету енгізу деп атайды. Ол үшін:

жеке бас куәлігі;

мүгедектік туралы анықтама;

Қолда бар және өзге де құралдар міндетті түрде көрсетілген 088/у үлгісі;

088/у үлгісі бойынша құжат дәрігерлік-консультациялық комиссия тұрғылықты жері бойынша (яғни нақ сол жерлерде гигиеналық құралдарға қандай да бір аталымдар енгізуге болады).

Жеке оңалту бағдарламасына түзету енгізудің жиілігі – шектеусіз.

Екінші топ мүгедектігін ресімдейін деп едім. Көпшіліктен естуімше, ең негізгі құжаттарымның бірі – жеке оңалту бағдарламасы. Яғни соған қарап алдағы уақытта бірнәрседен үміт ете аламын деген сөз. Білгім келетіні, құжат жағына келгенде не нәрселерге мән беруім керек?

Қуаныш Айбатұлы

– 088/у үлгісінде көрсетілгендей, жүргізілген оңалту-экспертті диагностика және оңалту шараларының нәтижесіне қарай, МӘС бөлімі оңалтудың жеке бағдарламасы мен ОЖБ-ның кәсіби бөлігін жасауда.

Жеке оңалту бағдарламасы медициналық-әлеуметтік экспертиза өткізу кезінде 088/у үлгісі негізінде әрбір оңалту шараларының мерзімі көрсетіле отырып жасалады. №13 «Оңалту шаралары жоспары» графасында мүгедектің қажеттілігі ескеріледі. Сол адам графада жазылғанға орай өзін-өзі дайындайтын болады. Сол себепті жеке оңалту бағдарламасын сауатты түрде жасап-құрудың маңызы зор болмақ.

2019 жылы маған көру қабілеті төмен мүгедек ретінде нашар көретіндер үшін арнайы сағат пен смартфон берген болатын. Биыл тонометр мен ноутбук беріледі деп естідім. Білгім келетіні, аталған заттар маған беріле ме? Осы жөнінде Өскеменнің қай жерінде және қалай білуге болады?

Нұрғазы

– Ноутбук пен тонометрдің берілуі жеке оңалту бағдарламасында жазылып тұруы тиіс. Әрбір атауға қарама-қарсы міндетті түрде оны қалай алу керектігі көрсетіліп тұрады.

Осы жағдай бойынша егжей-тегжейлі ақпарат алу үшін оқырмандарға мына телефондарға қоңырау шалуға кеңес береді: 70-09-63, 70-09-62 (қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі). Аталған бөлім мамандары өздеріне жүгінгендерге оның ЖСН-ы бойынша толық мәлімет бере алады.

Мүгедектер үшін бассейн мен спорттық орталықтарға баруға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба? Қандай мекеме, спорт орталықтары бар екендігі жөнінде толыққанды ақпарат берсеңіздер екен.

Дидар Серікбекұлы

– Еліміздің көптеген өңірлерінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін спорттық нысандар бар. Ол жерде түрлі жаттығулар жасай алады. Төменде облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған кестені ұсынамыз. Көру және есту қабілеті төмен және ментальді ақауы барларға арналған спорттық нысандар газеттің келесі нөмірінде жарияланбақ.

 

ШҚО-дағы оқу-жаттығу сабақтары өтетін спорттық нысандар

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық клуб КММ

Спорт түрі

Оқу-жаттығу сабақтары өтетін орын

Жеңіл атлетика

Өскемен қаласы, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, Сәтпаев даңғылы, 82/2

Жүзу

Өскемен қаласы, Орталық бассейн, Сәтпаев даңғылы, 82/3

Үстел теннисі

Өскемен қаласы, Жекпе-жек сарайы, Сәтпаев даңғылы, 82/1

Пауэрлифтинг

  • Семей қаласы, «Голд Кинг» спорт кешені, Толстой көшесі, 8

  • Өскемен қаласы, «Антарес А» қоғамдық ұйым, Қазақстан көшесі, 99

  • Алтай ауданы, Алтай қаласындағы БЖСМ спорт залы, Пролетарская көшесі, 77

Арбада отырып билеу

Ақжар ауылы, Үржар Балалар орталығының акт залы, Абылайхан көшесі, 1

Дзюдо

Семейдегі «Тарлан» дене шынықтыру және сауықтыру кешені, Селевин көшесі, 1а

Шаңғы

Риддер қаласы, Дене шынықтыру және сауықтыру кешені, Гоголь көшесі, 47

Армрестлинг

Риддер қаласы, «Модуль» спорт кешені

Паралимпиадалық салт атпен серуен

Глубокое ауданындағы Винное ауылы, ат спорты кешені, Новая көшесі, 6