Оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны аясында оқытуға көшкен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы біліктіліктеріне қарай 30%-дан 50%-ға дейін артады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында мәлімдеді.
Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Президенттің айтуынша, білім беру жүйесі қазіргі заман талаптары мен экономикалық қажеттіліктерге жауап беруі керек.
Сонымен қатар, 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесі енгізілетінін айтты.
«Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырамын. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет» делінген Елбасы Жолдауында.