Мұғалімге табысталатын төсбелгілер жалақыға қалай әсер етеді?

1431
көрілім
Сайт редакциясына білім саласындағы мәселелер жайындағы сауалдардың жиі келіп түсетіні белгілі. Солардың бірі ұстаздың жалақысына қосылатын үстемақы туралы. Бұл жердегі әңгіме қатардағы қарапайым ұстаз емес, білім саласының үздігі саналатын білікті мұғалімнің жалақысына қосылатын үстемақы жайы. Қай бүлдіршіннің болмасын, қолына қалам ұстатып, қаріп үйрететін ардақты жанның еңбегі жыл өткен сайын еленіп, жалақысы еселене ме, жоқ па? Осы себепті әр ұстаздың басын ауыртып, балтырын сыздатқан басты мәселе төңірегін сайт тілшісі қозғап көруді мақсат етіп, аталмыш салаға жауапты құзырлы мекемемен хабарласқан еді

 

Еңбек еленсе…

Бұрындары білім саласының үздігі саналатын ұстаздардың жалақыларына үстемақы төленуші еді, – дейді сайт редакциясына қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыздың бірі. – Бүгінде ондай үрдіс байқалмайды. Өзім де осы салада жүргеніме көп жылдың жүзі болды. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегерімін. Әлде мұндай мәселелер менің назарымнан тыс қала ма, не болмаса біздің мектепте мұндай төлемдерді жүргізу тәжірибеге енгізілмеген бе?

Оқырманымыздың айтуынша, бұрындары еңбегі бағаланып, жалақысы үстемеленіп отырған ұстаз қызметі бүгінде назардан тыс қалған көрінеді. Ол бертін келе беріле бастаған «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері мен еліміздің Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарының еш пайдасыз кітап сөресінде қатталып қалатынын алға тартады.

Мектеп басшылығынан сұрап білу мүмкін емес, – деп жалғастырды оқырманымыз. – Білім саласының білікті ұстаздары қаншама? Солардың жалақыларына қосылатын үстемақы жайын білгім келеді. Кеңестік кезеңде ұстаздың алатын жалақысы атқарған еңбегіне сай үстемеленіп отыратын. Бүгінгі төсбелгілердің ондай пайдасын байқамаймын…

 

Барлығына бірдей қарастырылмаған!

Бұл мәселеге байланысты жауап берген облыстық Білім басқармасы осы саланың қызметкерлеріне берілетін атақтың барлығы дерлік еңбекақы мөлшерін еселей бермейтінін айтады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қаулысының 19-қосымшасына сәйкес тек бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) «Халық» деген құрметті атағы бар және республиканың құрметті атақтарына ие болған қызметкерлерге базалық лауазымдық айлықақыдан 50 пайыз, ал бұрынғы КСРО-ға еңбек сіңіргені үшін құрметті атағы бар және республиканың құрметті атақтарына ие болған қызметкерлерге базалық лауазымдық айлықақыдан 30 пайыз мөлшерінде үстемақы қарастырылған, – дейді сайт редакциясына ресми хатпен жауап берген облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қаербекова.

Лауазымды тұлғаның айтуынша, «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері мен еліміздің Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған ұстаздардың еңбекақыларына үстемақы қосу қарастырылмаған көрінеді.

Мұғалімдер үшін қосымша ақылар мен үстемақылардың атауы, түрлері мен мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қаулысында көрсетілген, – деп қосты Әсел Қанатқызы.

***

Осылайша, құзырлы мекеме өкілі жалақысына қосылатын үстемақыға үміткер ұстаздардың қатарын сирете түсті. Оның сөзіне сенсек, арнайы үстемақыға тек кеңестік кезеңде табысталған төсбелгілер ғана жататын көрінеді. Демек, қазіргі уақытта табысталатын бірқатар төсбелгілер ұстаздар қауымының жалақысын еселей түсуі екіталай.

Ұстаздар мен техникалық қызметшілерге төленетін бірыңғай қосымша ақылар мен үстемақылар

(Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қаулысының 19-қосымшасы)

Қосымша ақылар мен үстемақылардың атауы Қосымша ақылар мен үстемақылардың
түрлері
Қосымша ақылар мен үстемақылардың мөлшері
Ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға, жергiлiктi өкiлетті органдардың шешiмi бойынша арттырылған айлықақылар (тарифтiк мөлшерлемелер) белгiленедi Ауылдық
жердегі
жұмысы үшін
арттыру
25 %-дан
кем емес
Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын және ауылдық елді мекендерде орналасқан мекемелерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға арттырылған айлықақылар (тарифтiк мөлшерлемелер) белгiленедi. Ауылдық
жердегі
жұмысы үшін
арттыру
25 %-дан
кем емес
Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының «Халық» деген құрметті атағы бар және республиканың құрметті атақтарына ие болған қызметкерлерге Құрметті
атағы үшін
үстемақы
Бірыңғай лауазымдық жалақыдан 50%
Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының «Еңбек сіңірген» құрметті атағы бар және республиканың құрметті
атақтарына ие болған қызметкерлерге
Бірыңғай лауазымдық жалақыдан 30%
Тазалаушыларға:
дезинфекциялық құралдарды пайдаланатын өндірістік және қызметтік үй-жайларды;
Ауыр (ерекше
ауыр) қол
еңбегі жұмыстарымен
және еңбек
жағдайлары
зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті (ерекше қауіпті) жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге қосымша
ақы
Бірыңғай лауазымдық жалақыдан 20%
дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, дәретханаларды жинаған кезде Бірыңғай лауазымдық жалақыдан 30%

 

Қоса кетсек

«Қазақстан Республикасының Бiлiм беру ісінің құрметтi қызметкерi» төсбелгісімен оқу процесiне сабақты ұйымдастыру мен өткiзудiң белсендi нысандары мен әдiстерiн, бiлiмдi бақылау мен жаңа интерактивтi технологияларды енгiзген, оқушылардың, тәрбиеленушiлер мен студенттердiң өз бетiнше дамуын, олардың өз бетiнше оқуын қамтамасыз еткен қызметкерлер марапатталады. Төсбелгімен бiлiм беру ұйымдарында кемiнде 10 жыл жұмыс iстеген және жоғары немесе бiрiншi бiлiктiлiк санатына ие мұғалімдер марапатталады.

 

«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн» төсбелгісімен отандық ғылым мен техниканы әлемдiк жетiстiктер деңгейiне шығаруға ықпал еткен iргелi және қолданбалы зерттеулер саласындағы маңызды нәтижелерi, ғылымның, техника мен мәдениеттiң басым бағыттары бойынша халықаралық, республикалық, аймақтық және басқа да ғылыми-техникалық бағдарламаларды iске асырудағы жетiстiктерi үшін марапатталады. Төсбелгі ғылыми мекемелерде кемiнде 10 жыл жұмыс iстеген адамдарға беріледі.

 

«Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен білім беру және тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру мен тәрбиелеу бағдарламаларын іске асырудағы айтарлықтай табыстары үшін, оқушыларды, тәрбиеленушілерді практикалық даярлаудағы, олардың шығармашылық белсенділіктерін дамытудағы табыстары үшін марапатталады. Төсбелгімен тікелей білім беру органдары мен ұйымдарында 10 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар қызметкерлер марапатталады.

 

Министрлiктiң Құрмет грамотасымен ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау, қайта даярлау, бiлiктiлiгін арттыру жөнiндегi үлкен және жемiстi жұмысы, бiлiм беру мен тәрбие процестерiне жаңа технологиялар, оқытудың нысандары мен әдiстерiн енгiзгенi, оқу мен тәрбиенiң бiрлiгiн қамтамасыз еткенi үшiн үздiк қызметкерлер марапатталады.Құрмет грамотасымен бiлiм беру және ғылым ұйымдарында кемiнде 5 жыл жұмыс iстеген қызметкерлер марапатталады.

 

Министрлiктiң Алғысы министрлiк немесе бiлiм берудi басқару органдары ұйымдастырған жекелеген, бiржолғы iс-шараларды (конкурстар, олимпиадалар, байқаулар, көрмелер және т.с.с.) өткiзгенi, министрлiк департаменттерiнiң атаулы тапсырмаларын жоғары деңгейде орындағаны, еңбек, оқу, тәрбие және әкiмшiлiк қызметтерiндегi табыстары үшін үздiк қызметкерлерге жарияланады.

Азамат Темірбеков