«Тәні саудың – жаны сау» демей ме, қазақ атамыз. Түймедей ғана тісіңнен кінәрат шығып қақсаса, бұрау салғандай сай-сүйегіңді сырқыратып, зар қаққызатыны белгілі. Осындайда еріксіз ақ халатты абзал жандардан ауырған жаныңызға араша сұрауға тура келеді. Десе де бұндай жауапкершілігі мол жұмысты арқалау әркімнің қолынан келе бермесі хақ. Сәті түсіп бұрынғы Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылының тумасы, білікті стоматолог дәрігер Мұқаш Нұрсейітовтың еңбек жолымен танысып қайтқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Тіс дәрігері болу менің бала күнгі - арманым»
Кейіпкеріміз тіс дәрігерлік қызметін арқалап келе жатқанына биыл 35 жылдың көктемі болды. Жастық шағының алтын уақытын көңілі қалаған саласына шындап арнады. Себебі ол балалық арманын азаматтық мақсатына айналдырды.
– 1978 жылы орта мектепті бітірдім. Бос жүрмей екі қолға бір күрек ұстап ауылда бір жылдай жұмыс істедім. Сәті түсіп 1979 жылы өзім армандаған Қарағандыдағы медициналық институтқа оқуға түстім. Онда стоматология факультеті бір жыл бұрын ғана ашылған екен. Шыны керек, ол кезде бізге сабақ беретін ұстаздарымыз өте білімді болды. Алғаш ашылған факультеттің тәртібі мен талабы қатал болды. Ауылдан келген біздің сабақ үлгерімімізді қатаң түрде қадағалап отыратын. Сондықтан болар, сол білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің ешқайсысы жерде қалмады. Дүниежүзіне танылған доктор, профессорлар бірге оқитындардан көп шықты. Барлығы дерлік өз мамандығымен жұмыс істеп жүр. Оқуымды бітіре салысымен Өскемен қалалық тіс емдеу емханасында алғашқы қызметімді бастадым. Тіс дәрігері болу менің бала күнгі арманым еді. Бір күні Асубұлақ кентіне жол түсіп қонаққа барғанмын. Сол қонақасыға жергілікті аурухананың бас дәрігері де келіпті. Жөн сұрасқаннан кейін бірден әңгімеміз жарасып кетті. Әңгіме барысында ол кісі мені Асубұлақ кенттік ауруханасына тіс дәрігері болып жұмыс істеуіме ұсыныс жасады, – дейді Мұқаш Нұрсейітов әңгімесін бастап.
Бір қызығы, ол институтты бітіріп келген жылдары аурухана қызметкерлері жаңа келген жас маманға қателесіп күніне 45 науқасты қабылдауды жазып қойыпты. Негізі жаңа келген мамандар күніне 18 пациентке дейін ғана қабылдау керек екен. Тіпті қосымша қағаз жұмыстары да оның жауапкершілігінде болса керек. «Кісі емдеу жағынан еш шашау шығарған жоқпын. Тек қағаз толтыру жұмысына ғана үлгірмедім», - дейді кейіпкеріміз. Осы бір қиындықтар оның маман ретінде шыңдалуына оң әсерін тигізсе керек. Бас дәрігердің өзі оған таң қалыпты.
– Бір күні біздің ауруханаға бір сарбаз келіп түсті. Ерні жырылған, бет-аузы қан-жоса. Бірақ ешкім бас дәрігерсіз емдік жұмыстарын істеуге батылы бармады. Сол кезде бас дәрігер «ауырып келген науқас болса хабарласыңдар» деп кетіп қалған болатын. Дәрігерлер бірден оған хабарласқан сияқты. Ол кісі келгенше мен жараны тігуге кірістім. Бір кезде жүгіріп бас дәрігер де кіріп келді. Көрді де «жалғастыра бер» деп ишара жасады. Бет терісін толықтай тазартып тігіп болдым. Ертесінде ол кісі мені кабинетіне шақырып алып, «бізде бет-жақ сүйектерін емдейтін маман жоқтың қасы, сен дайын тұр екенсің ғой» деп мақтады, –дейді Мұқаш Зайнолдаұлы.
«Волейбол ойнағанды жақсы көремін»
Кейіпкеріміз кейіннен жұмысын Асубұлақ кентінде жалғастыруды жөн көрген. Жаңа орта жас маманды құшақ жая қарсы алыпты. Себебі ол жұмысынан бөлек спортқа да жақын болды.
– Жаңа ортаға бірден үйренісіп кеттім. Өзім бала күннен волейбол ойнағанды жақсы көретінмін. Күнде кешкісін спортзалға жиналып волейбол ойнаймыз. Алғашында Ұлан ауданының волейбол құрама командасында ойнадым. Қазіргі кезде ардагерлер арасында өзіміздің командамыз бар. Құрылысшылар Мәдениет сарайында жаттығамыз. Облыстық, республикалық және халықаралық ойындарда жүлдегер болдық. Бірде Түркияға барып волейболдан бірінші орынды қанжығалап қайтқан сәттеріміз де болған. Менің осы ортаға тез сіңіп кетуіме спорттың ықпалы көп болды десем артық айтқандық болмас. Меніңше, әр адам өзінің белгілі бір қызығушылығы бар спорт түрімен шұғылданғаны дұрыс сияқты, – дейді ол
«Бүгін сен менен емес, керісінше мен сенен көп мағлұмат алдым»
Уақыт шекті болғанымен білім шексіз ғой. Мұқаш Зайнолдаұлы кентте қызмет істеп жүріп Алматыдағы профессор Мақсұт Темірбаевтың курсына қатысып, өзге өңірлерден келген әріптестерін біліктілігімен таң қалдырған. Шалғай ауылдан келген жас дәрігерден бұндай шеберлікті ешкім күтпеген еді.
– 1998 жылы профессор Мақсұт Темірбаев Алматыда тіс емдеу саласын дамыту мақсатында арнайы екі айлық курс ашты. Ол жерге Германия, Жапония және тағы бірнеше елден үлкен мамандар келген болатын. Мен де сол жиынға қатыстым. Жиналғандар түгел ірі қалалар мен аудандардан келген дәрігерлер. Тіркеу барысында біздің қайдан келгенімізді, қандай аспаптармен жұмыс істейтінімізді сұрады. Ол кезде мен кеңес кезіндегі ескі құрал-жабдықпен жұмыс істейтін едім. Келгендердің бәрі жаңа техниканы меңгерген мамандар. Шеттерінен білімді көрінді. Өзімнің жұмыс істеп жүрген жерімді айтуға ыңғайсызданып, «Ұлан аудандық Асубұлақ кенті ауруханасынан келдім» деп айта салдым. Жауапты адам келген жерімді тіркеп жатып «босқа келдің» дегендей селқос жаза салды. Сабақ барысында теория мен практика қатар жүрді. Тіс емдеуге қатысты бірнеше сұрақтар қойылып жатты. Бәрі айтып жатыр. Бір кезде «Өскемендік дәрігер не айтады екен?» деп кезекті маған берді. Шамам келгенше білгенімді түйіндеп мен де аянып қалмадым. Жауабымды тыңдаған профессор сәл ойланып тұрып, «бүгін сен менен емес, керісінше мен сенен көп мағлұмат алдым» деп риза болып қалып еді. Сол жолғы сапарда тіс емдеудің техникасын жақсы меңгеріп қайттым, – дейді дәрігер.
Мұқаш Нұрсейітов астанада болған кезінде профессор оның біліміне қызығушылық танытып оған Алматыда қалуын өтінеді.
– АСИПО-да республика бойынша жолдамамен келген пациенттерді емдеп тіс салдық. Профессор Мақсұт Темірбаев сол кезде Никольский базары қасында жекеменшік тіс стоматологиясын ашқан болатын. Мені соған жұмысқа шақырды. «Алматыға кел, ұлыммен бірге істейсің», – деді профессор.
Сол кезде кейіпкеріміздің курстас достары Алматыда арнайы емхана ашып жатса керек. Бос уақытында барып оларға қолғабыс тигізіп жүрген. Курс мерзімі аяқталған соң ол ауылдың жайын ойлап Асубұлақ кентіне қайта оралады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін аталмыш кеніттегі комбинат өз жұмысын тоқтатқандықтан тұрғындар қалаға қарай ойысады. Жұртшылық үдере көшіп жатқандықтан сол жердегі аурухананың да жағдайы өзгеріске ұшырай бастайды. Осы сәтте Мұқаш Зайнолдаұлы жұмысын қалаға ауыстырып, өзінің жеке стоматологиялық кабинетін ашуды көздейді.
– Сол кезде маған «неге жеке кабинетімді ашпасқа?» деген ой келді. 2002 жылы көптен күткен алғашқы «Жұлдыз» стоматологиялық кабинетімді аштым. Бастабында қаржылық жағынан біраз қиындықтар болып, жаңа техника алуға мүмкіндік болмады. Сол себепті емделушілер тарапынан техникаларды жаңарту туралы ұсыныстар түсе бастады. Көбісі маған сенімсіздікпен қарайтын. Себебі басқа әріптестерім жаңа техникамен жұмыс істейтін. Бірақ уақыт өте келе біліктілігімді көрсете алдым. Кейін келе аядай ғана жерде емделушілер ұзын-сонар кезекте отыратын болды, – дейді Мұқаш Нұрсейітов.
Айта кетейік, стоматологияның «Жұлдыз» атануы да тегін емес, бұл тіс дәрігерінің қызы Жұлдыздың есімімен тікелей байланысты. Қазір облыс орталығында орналасқан «Жұлдыз» стоматологиялық кабинетінде тісін емдетуге ниет білдіргендер өте көп. Себебі дәрігердің өз саласында мықты маман болуы болса, екінші себеп – кабинет толықтай тіс емдеудің соңғы технологияларына лайықты құралдармен жабдықталуы болса керек.
«Сендер маған басқа біреудің тісін салып берген жоқсыңдар ма?»
Бір таңқаларлығы, бір кездері күдікпен, үрейлене қарайтын тұрғындар бүгінде ауру азабының тыныштығын «Жұлдыз» стоматологиясынан тауып жүр. Тіпті өзі құралпас тіс дәрігерлері осы стоматологияда жұмыс істеуге құштар екен.
– Бір күні Мыңгүлсін Қасымқызы есімді тіс дәрігері келіп тісін емдетті. Ол кісі де өз ісінің білікті маманы еді. Бәріміз бір салада жүргендіктен бір-бірімізді жақсы танимыз. Тісін емдеткен соң «Мұқаш, мен қазір немерелерімді бағып күндіз үйде отырам. Маған кешкілік уақытта істейтін жұмыс тауып бер» деп өтінді. Ол кісінің сондай жауапты, білікті маман екенін бұрыннан білетінмін. Мен де көп ойланбастан келісе кеттім. Сөйтіп жұмысымызды бастап кеттік. Ол кісі жасанды тісті жақсы жасайтын. Күнде кешке келіп протез жасаумен айналысатын. Әдетте басқа емханалар протезді апталап жүріп дайындаса, біз бір күнде-ақ қалыбын келтіре қоятынбыз. Сол кезде емделушілеріміздің бірі қалжыңдап: «Сендер маған басқа біреудің тісін салып берген жоқсыңдар ма? Басқа жерлерде бір айда дайын болатын еді ғой» деп күліп жататын. Осылай біздің жұмысымыз жақсы жүріп кетті. Соның нәтижесінде құрал-жабдықтармызды толығымен жаңаладық, – дейді кейіпкеріміз әңгімесін жалғап.
Уақыт өте келе емделушілердің саны артуына байланысты ол екінші, үшінші және төртінші тіс емдеу кабинетін ашты. Нәтижесінде медицина университетінде оқитын студенттер осы жерде тәжірибеден өтіп, білімін толықтыруда.
– Қазір көптеген студенттер бізде тәжірибеден өтіп жатыр. Тәжірибе барысында көзге түскен білімді студенттер болса өзімізге жұмысқа алып қалуға тырысамын. Көп жағдайда стоматологиялық кабинеттердің жұмысы ұзаққа бармай тоқырап жатады. Мамандар да көп тұрақтамайды. Меніңше арнайы кабинеттер стоматологтар маманды өздері тәрбиелейтін деңгейде болуы керек, – дейді ол. Расында да бұл мамандарды тұрақтандырудың қарапайым жолы болса керек. Себебі бір дәрігер жұмыстан кетсе, соған бола жұмысты тоқтатып қоюға болмайды ғой. Өз біліміңізбен жаңа маман дайындауға мүмкіндігің болады.
«Тіс емдеумен айналысқаныма биыл 35 жыл болды»
Дәрігердің әңгімесін тыңдап отырғанымызда ол сөз арасында бос уақытының біраз бөлігін кітап оқуға да арнайтындығын айтып қалды. Қолына ілінгенін емес, айбынды, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жыр жинағынан сусындайтынын жасырмады.
– Осы салада қызмет етіп келе жатқаныма биыл 35 жыл болды. Көп жағдайда замандастарым «неге басқа мамандарды жұмысқа алып, өзің жұмсақ орында отырмайсың» деп жатады. Бірақ менің ойымша, адам белгілі бір саланы таңдаған екен, бойыңнан қауқар кеткенге дейін еңбек ету керек сияқты. Мақсатым – жайлы орынға отыру емес, көпке қолдан келгенше қызмет көрсету. Осы оқуды сол үшін оқыдық емес пе? Мен үшін жұмсақ креслода отырғанша бір адамға болсын ем жасағаным әлдеқайда пайдалы. Бос уақытымда кітап оқимын. Әсіресе ақиық ақын Мұқағалидың кітаптары. Өкініштісі, өлең жазбаймын. Бірақ менің кітапқа деген құштарлығымды жақсы білетін жора-жолдастарым мені «Мұқағали» деп атайды, – дейді ол.
«Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме, даналарымыз. Осы орайда ерекше бір айта кететіні, кейіпкеріміздің ұл мен қызы әке жолын қуып тіс дәрігері болса, екінші ұлы экономист болып қызмет істейді екен.
– Үлкен ұлым Тілек стоматолог болып жұмыс істегеніне 10 жылдан асты. Білікті маман имплант салудың жаңа әдіс-тәсілін жете меңгерген. Қызым Жұлдыз тіс дәрігері мамандығын 6 жыл оқып, бітірді. Еңбек жолын бастағанына 2 жыл болды. Бала күндерінен үйде естіп, көргендері 32 тістің әңгімесі болса қалай дәрігер болмасын?! Бір қызығы, балалар жастайынан өздері қызығушылық танытатын. Сондықтан әңгімеміздің басым бөлігі емшілік тақырыбы төңірегінде өрбитін еді, – дейді дәрігер.
Стоматологиялық кабинеттің іргетасының қалануына Мұқаш Зайнолдаұлының зайыбы Мархабат Сайынқызының қолдауы да аз емес. Соның нәтижесінде стоматологияда санитарлық талаптар қатаң түрде сақталып отырады. Қоса кетейік, Мархабат Сайынқызы да Қарағанды медициналық институтының түлегі. Мамандығы – санитарлық дәрігер.
Иә, ел үшін ерінбей еткен еңбектің өлшемі халықтың риясыз сый-құрметінде болса керек. Көпшілік үшін еңбек ету тек қажеттіліктен ғана емес, сонымен бірге үлкен азаматтық жауапкершіліктен де туындайтындығын ескергеніміз абзал. Меніңше 35 жылда төгілген маңдай тер Мұқаш Нұрсейітовтың өз саласының білікті кәсіби маманы екендігін дәлелдеді. Кейіпкеріміздің үлкен қуанышы – ұл мен қызының әке жолын таңдауында болса керек. Ал ата-ана үшін бұдан асқан абырой бар ма?!
Таунар ҚАЙРАТ