ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшілер ұсынатын қызметтерді жеткізушіні өз бетінше таңдау мүмкіндігін беру мәселесін қарастыруда, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында мәлімдеді.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес жеке көмекшілердің қызметтері үкіметтік емес ұйымдар арқылы немесе жеке көмекшілер мен жұмыспен қамтудың өңірлік басқармалары арасында тікелей келісім жасасу арқылы көрсетілуі мүмкін.
Еліміздің көптеген аймақтарында бұл қызметтер ұйымдастырушылық және ақпараттық функцияларды жүзеге асыратын ҮЕҰ арқылы көрсетіледі.
Алайда, жекелеген ҮЕҰ жұмысының сапасы мүгедектігі бар адамдар тарапынан сынға түседі. Олардың айтуынша, ҮЕҰ келісімшарттық міндеттемелерді адал орындамайды, әкімшілік шығындарға қаражаттың 10%-ын ұстап қалады және қызмет көрсету тізбегіндегі қосымша буын болып табылады.
- Қазіргі уақытта облыс әкімдіктері қызмет алушыларға олар үшін қай әдіс қолайлы екенін анықтау мақсатында сауалнама жүргізуде. Алдын-ала мәліметтер бойынша, мүгедектігі бар адамдардың көпшілігі жұмыспен қамту бөлімдерімен тікелей жұмыс жасау туралы ұсынысты қолдайды. Сондықтан біз жеке көмекшілерге қызмет көрсетудің қолданыстағы ережелеріне түзетулер енгізуді жоспарлап отырмыз және 2020 жылдың қаңтарынан бастап мүгедектігі бар адамарға осы қызметтерді алу тәсілін таңдауға мүмкіндік береміз, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Айта кету керек, Қазақстанда бірінші топтағы мүгедектердің саны 24 мыңнан асады, олар жеке көмекшілердің қызметін алады. Бұл қызметтер мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сәйкес мүгедектігі бар адамдарды қоғамға қосу және интеграциялау мақсатында ұсынылады. Жеке көмекшілердің қызметтеріне мүгедектігі бар адамды жұмысқа, білім беру мекемелеріне, мемлекеттік, әлеуметтік, медициналық және басқа объектілерге барған кезде алып жүру кіреді.