Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасында үш балықшы мұз астына батып, біреуі қаза болды. Оқиға өткен жылдың 30 желтоқсанында орын алған. Бұл туралы ШҚО ТЖД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Үш адам Көкпекті жағалауынан Күршімге көлікпен өтпек болған. Жағалаудан 15 метрдей жерде автокөлік мұз астына құлайды. Екі балықшы, 1965 және 1973 жылғы азаматтар суға батып бара жатқан көліктен шығып үлгерген, ал 1959 жылғы ер адам көлікте қалып қояды. Зардап шеккен азаматтарға жергілікті балықшылар көмек көрсетіп, құтқару қызметіне хабар берген. Сол күні оқиға орнына келіп жеткен Шығыс аймақтық аэромобильді жедел-құтқару жасағы 9-шы бөлімшесінің сүңгуірлері ер адамның денесін алып шыға алмады, себебі көлік аударылып, есігі ашылмай қалған. Келесі күні сүңгуірлер арқан мен жүкарбаның көмегімен көлікті судан шығарып, ішінен ер адамның денесін шығарып алды.
– Қатты аязға қарамастан судағы жағдай құбылмалы болып тұрады. Ондағы мұздың қалыңдығына тек ауа температурасы ғана емес, ағынның ауысуы, жауын-шашын, өзге де факторлар әсер ете алады. Бұдан басқа, бір учаскеде мұздың қалыңдығы әр түрлі болуы мүмкін, – деп атап өтті ШААЖҚЖ бас құтқарушысы Анатолий Рожков.
Құтқарушылар мұзға шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет екенін еске салды: мұздан жаяу өту үшін оның қалыңдығы 15 см және одан көп, ал жеңіл көлік өтуі үшін 30 см кем болмауы тиіс. Мұз бетіне қараңғы уақытта, тұман, жауын-шашын түскенде шығуға тыйым салынған. Мұз қалыңдығын аяқпен тепкілеп тексеруге болмайды.
Асқар ТҰМАРБЕК