Мың шақырымды артқа тастаған Ғалымжан Тоқтар Астанаға ертең жетуді жоспарлап келеді

1264
көрілім
Өскемен қаласынан Елордаға жаяу жол тартқан Ғалымжан Тоқтар мың шақырымды артқа тастады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Желаяқ қазір Астананың іргесіндегі Қояндыға таяп қалған. Бірақ, межеге ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына тұспа-тұс ертең сағат таңертеңгі тоғызға таяу жетем деп жоспарлап келеді.

Ерейментауға келген кезде жиналған жұртшылық пен жергілікті әкімдіктің өкілдері бірге Ғалымжанды күтіп алды. Ерейментауда Ғалым ағасындай алыс қашықтықта жүгіруді армандайтын балалар бар екен. Бірыңғай киім киіп алып, барлығы ерекше ықыласпен күтіп алды. Жанкүйерлері келіп, қымыз, қазы-қартасын әкеліп, сыйластығын көрсетіп жатыр, – дейді Ғалымжанның зайыбы Еркегүл Мұқиятқызы.

Ғалымжанның жанкүйерлерінің қатары молайып келеді. Барлығы да желаяқты ғаламтордан ұдайы бақылап отыр. Тіпті кейбір жанкүйерлер Астанаға алдын ала жетіп алып, күтіп отыр екен. Жолда қаншама көлік тоқтап, Ғалымжанмен фотосуретке түсуді өтінген.

Ғалымжан бәріне риза! Бір арманы – мыңдаған шақырымды бағындырып келіп, Елбасына кезігіп, сәлем беруді армандайды, – дейді Еркегүл.