Өскемен қаласынан Астанаға дейінгі мың шақырымды жаяу бағындырған Ғалымжан Тоқтарды өскемендіктер Қабанбай батыр ескерткішінің алдында күтіп алды. Желаяқты күтіп алуға Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев келді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Ғалымжанды күтіп алуға туыстары, дос-жарандары, жанкүйерлері келген екен. Өскемендік желаяқтың келуіне орай, шашу шашылып, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев Ғалымжанның жайын сұрап, ізгі тілегін білдірді. Жиналғандардың барлығы Қабанбай батыр ескерткіші алдында естелік суретке түсті.
– Алғашқы күндері аздап қиналдым. Бірақ, осындай жанкүйерлерім тұрғанда көпшіліктің сенімін қалайда ақтауды мақсат тұттым. Денсаулығым қалыпты. Қолдау білдірген барша елге алғысымды білдіремін, – дейді Ғалымжан Тоқтар.
Естеріңізге сала кетсек, желаяқ «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметіне орай Астанаға дейін жаяу жүгіріп бару үшін 26 мамыр күні жолға шыққан болатын. Мың шақырымдық аралықты Ғалымжан 16 күнде жүгіріп өтті.