Нан бағасы өсе ме? Министрлік жауап берді

476
көрілім

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында астық өнімділігінің азаюына байланысты нан бағасының өсуі мүмкін деген болжамға жауап берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

«Егер нан бағасы туралы айтар болсақ, әзірге тұрақты. Әлеуметтік бір бөлке нан бағасы – 78 теңгеден 85 теңгеге дейін. Астық бағасы көтерілген жағдайда ӘКК механизмдері енгізіледі. Тіпті оған әкімдіктер мен азық-түлік корпорациясының тұрақтандыру қорлары қатысады. Нан бағасының өсуі туралы айтуға әлі ерте. Әзірге астық жинау науқаны жүріп жатыр. Бізге әлі шамамен 20% жинау қажет. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», - дейді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Сапаров баспасөз мәслихатында баға айтарлықтай өспейтініне уәде беріп, әлеуметтік нан бағасы бұрынғыдай қалатынын айтты.

«Тіпті солай болса да, айтарлықтай баға өспейді. Бірақ әлеуметтік нан бағасы бұрынғыша қалады. Бүгінде әкімдіктер тұрақтандыру қорларына ұн сатып алып жатыр. Әлеуметтік нанға байланысты мәселе көріп тұрғанымыз жоқ», - деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ауа райына байланысты егін жинау науқаны өте қиын жағдайда өтіп жатқанын айтқан болатын.