Наурыз мейрамын атап өтті

540
көрілім

Өскемен қаласы Жібек маталар комбинаты шағын ауданының тұрғындары осы жаңа күнге – Наурыз мерекесіне жақсы әзірліктерімен келіп, көңілді қарсы алды. Халықтың ақ көңіл, кең пейіліне сай бұл күні ауа райы да жаймашуақ болды.

Көктем күні көк аспанның төрінен мейірлене жерге шуақ төгіп адамдардың береке-бірлігіне риза болып, елжірей қарады. Бұл мереке ЖМК шағын ауданы тұрғындарына «Достық» сауда үйі алдындағы алаңда 19 наурыз күні кеңінен атап өтілді.

Таңертеңгі сағат 10.00-де мерекелік шараға ЖМК мөлтекаудан тұрғындары ұйымшылдықпен жиналды. Өскемен қаласы әкімдігінің 1-филиал директоры Амантай Бақытұлы осы филиал қызметкерлері – Эльвира Мұқанова, Кульзан Құрманғазина, Салтанат Есенболқызы, Айнұр Жибетаева, Серік Нұрболат, Мадияр Қалиев, еңбек ардагерлері Аман Солтанғалиев, Әлібек Нұрмұханбетов, Ерболат Садуақасов, ақсақалдар ұжымының төрағасы Жанабай Әшімов, Евдокия Максимова, Қажы Тұраров, Нұржамал Абдуллина, Капия Жиенқұлова, «Фрешмаркет» фермерлік гастрономының директоры Мұхамед Рахимжанов тағы басқа ұйымдастыру басшылықтарымен жайылған мол дастарқаннан дәм татып, наурызкөже ішті.

Наурыз мерекесіне келушілерді бөліп-жармай,алаламай, жоғарыда аталған ұл-қыздарымыз аяқтарынан тік тұрып күтті. Сағат тілі он бірді соққанда таңертеңнен бері ойнап тұрған әсем әннің әуені кілт басылды. Жүргізушілер сахна төріне шығып мерекенің басталғанын ресми түрде хабарлады. Содан соң «Той бастар» әні шырқалып, жиналғандардың назары «Достық үйі» алаңында жабдықталған дала сахнасына ауды. Ұлттық киім киген бір топ қыз-келіншектер наурызастан шашу шашты. Ардагер ақсақалдардың бірі Аман Солтанғалиев көпшілікке арнап бата берді.

Өскемен қаласы әкімдігінің 1-филиал директоры Амантай Бақытұлы, КМС-1 ардагерлер төрағасы Әлімжан Әбдіқалықов, ЖМК шағын ауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аман Солтанғалиев, әжелер кеңесінің төрайымы Қазима Қабышева жиналғандарға арнап құттықтау сөз сөйледі.

ЖМК шағын ауданындағы №46 мектеп оқушылары, мұғалімдер ұжымы, Өскемен қаласы әкімдігінің жанынан құрылған «Қазына тобы», облыс орталығында құрылған «Атамұра» фольклорлық ансамблінің концерті қойылды. «Қазына тобы» құрылғанына биыл 9 жыл толып отыр. Осы жылдарда көптеген концерттік бағдарламалар ұсынған топ, әжелер алқасы жетекшілігі Нұржамал Абдуллинаның басқаруымен әз-Наурызда өнерлерімен дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырды. Үнемі қоғамдық жұмыстарға қолдау көрсетіп жүрген Шығыс Қазақстан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жанабай Әшімов, Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбек Ақанов, әжелер кеңесінің төрайымы Қазила Қабышева әжеге КМС-1 директоры Амантай Бақытұлы, КМС-1 жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Әбдіқалықов Мақтау грамоталары мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Қорыта келгенде Шығыс халықтарының мерекесі – әз-Наурызды ЖМК шағын ауданының тұрғындары шын мәнінде ырыс пен ынтымақ мейрамы дәрежесінде жоғары көңіл-күймен қарсы алды. Наурыз мейрамы келесі күні №44 лицей-мектебінде жалғасын тапты.

Нұрғожа Серьянов, ШҚО арадагерлер алқасының мүшесі
Әлімхан Әбдіқалықов, ЖМК шағын ауданы
ардагерлер кеңесінің төрағасы