Аталған саланы таңдап, сол бағытта үздіксіз қызмет ету орасан қажыр-қайратты қажет етеді. Әсіресе, нәзік жандылар міндетіне немкетті қарамай, жұмысынан шашау шығармаса, ұжымның ұпайы түгел, жұмыс өнімділігі жоғары болады десек, артық айтпасыз. Осы ретте облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасында тер төгіп жүрген жерлесіміз Нәзигүл Мангуловамен әңгімелескен едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Самар ауданының тумасы қызмет жолының барлық сатысынан өткен маман. Аймақтық энергетика компаниясында тура 16 жыл еңбек етті. Нәзигүл Мангулованың сөзінше, электр қуатынсыз өмірді елестету қиын.
– Бұл сала әркез дами бермек және үнемі сұраныста. Қоғамға пайдаң тиіп жатса, әр адам қанаттанып, арқалана түседі. Электр энергиясының қажеттілігі, оның құрылымы бала күнімнен қызық болатын. Бұл бағытта қызмет етіп жүргендер ұдайы ізденіс үстінде, жұмыс барысында дәлдікке иек артады. Осы жайттардың барлығы сабақтасып, түбі бағдарымды осы жаққа бұрдым, – деді жерлесіміз.
Көп жыл көлемінде энергетика компанияларында тер төгіп, қызметінде барлық сатыны еңсеріп үлгерді. Электрмонтёрден бастап, өндірістік-техникалық басқарма бөлімінің басшысы болды.
– Кейінірек өзімді мемлекеттік қызметте сынап көргім келді. Қазір басқармада электрэнергетика бағытында бас маман болып істеймін. Осы жұмыста өзімді әрдайым дамытып, жаңа дүниелердің есігін ашуға тырысамын. Энергетика саласы тұрғындар өмірінен бөлек, мемлекет үшін де маңызға ие, – деді кейіпкеріміз.
Бас маманның қордаланып қалатын қауырт тірлікті, арагідік қайталанатын қарбалас шақты қалай еңсеретіні бізге де қызық. Жұмыс барысы кеңседе жалғасса да, тұтынушылардың электр энергиясынан қол үзбеуін назарда ұстау жинақылықты қажет етеді. Жерлесіміздің сөзінше, энергетиктердің біліктілігі сыналатын кез – электр қуатының үздіксіз бөлінуі. Ақауға жол берілмеуі тиіс. Басқарма өкілдері кем-кетіктің алдын алып, бұзушылықтарды болдырмауға тырысады. Мемлекеттік қызметке орналаспай тұрып, Нәзигүл Мангулова энергия жеткізетін компанияда еңбектенгенін айтқан еді. Екі жұмыстың айырмашылығы сол, компанияда электр желісін қолданысқа беру сұрақтары қаралса, басқармада нақтылы міндеттер басшылыққа алынады. Қамтылатын тақырыптар мен мәселелердің ауқымы кең. Облыс бойынша энергетикалық кешеннің дамуы ылғи күн тәртібінде.
Нәзигүл Қайырқанқызы бала күнінен ойға алған нәрсесін бастан-аяқ ойластырып, жоспар құруға әбден дағдыланған. Ұжымда өзіндік орны бар маман қазір де тиянақтылығын жоғалтпады, кейбір қадамдарын математикалық дәлдікпен жасайды. «Нәзік жандыларға бұл сала қиын емес пе?» деп сұрадық. Бірден жауап қатты.
– Егер адам таңдаған жолында нәтижелі еңбек етіп, жұмысынан ләззат алса, бұл үлкен қуаныш. Өзін-өзі дамытып отыру – өзгеріске толы қазіргі заманда басты құндылықтардың бірі. Бойындағы жағымсыз әдеттерден арылып, үнемі биік меже қоюы керек. Өз ортасында үздік шығып, әр тапсырмаға қаз-қалпы қараса, жүктеме жеңілдейді, – деді Самар ауданының тумасы.
Нәзигүл Мангулова жұмыста қиындықтар болып тұратынын жасырмады. Бірақ ұйымшыл ұжыммен тізе қосып, барлығын уақтылы реттеп, үнемі алға басып келеді. Кеңседегі жауапкершілік бір бөлек, отбасының ықпалы бір бөлек. Кейіпкеріміз айрандай ұйыған отбасында ардақты ана, асыл жар.
– Иә, жанұям – менің тірегім. Олармен өткізген әрбір сәт өмірге деген құлшынысымды арттырады. Он бес жылдан астам уақыт еңбек өтілімде арқа сүйер азаматым қолдаусыз қалдырмады. Бос уақытымды отбасыма арнаймын, – деді бас маман.
Әңгіме соңында 8-ші наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында барша нәзік жандыны мейрамымен құттықтап, жұмыста үздік, отбасында қадірлі болып, өмірдің әр сәтінен рахат алуға тілек білдірді.
Асыл АЙТБАЕВ