Нөмірленбеген еңбек кітапшасын қолдана беруіме бола ма?

947
көрілім
Әр адамның еңбек кітапшасы нөмірленеді екен, бірақ менің еңбек кітапшам нөмірленбеген. Нөмірі жоқ еңбек кітапшасын қолдана беруіме бола ма? Мұның кейін зейнеткерлікке шыққан кезде кесірі тие ме деп қорқамын. Өмір бойғы еңбек өтілім саналмай қалып зая кетіп жүрмей ме? Қолданбау керек болса, осыған дейінгі еңбек өтілімді не істеймін? Мәселені қалай шешуге болатынын анықтап берсеңіздер екен.

Индира, Ұлан ауданы

Сіздің сұрағыңызға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің басшысы Болат Сәтеков жауап берді:

— «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы №105-V Заңының 14-бабына сәйкес, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады. Еңбек кітапшасы жоқ немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмыс туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың негізінде, не сот шешімі негізінде анықталады.

Болат Кәлімұлының айтуынша, еңбек кітапшасының нөмірі көрсетілмей, бірақ жұмысы туралы мәліметтер хронологиялық түрде жазылса, зейнетақы тағайындау кезінде кедергілер болмайтын көрінеді. Егер де жұмысқа қабылдау, ауыстыру, жұмыстан шығару туралы жазбаларда бұйрықтардың нөмірлері көрсетілмесе, еңбек кітапшасы жоқ болған жағдайда немесе еңбек кітапшасында жұмысы туралы мәліметтер мүлдем көрсетілмесе, зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілін дәлелдейтін құжаттар ретінде мұрағаттық анықтамалар немесе жұмыс орнынан анықтамалар ұсынылады. Мұрағатта қажетті құжаттар болмаған жағдайда жұмыс істеу фактісі сот арқылы анықталады.

Еңбек кітапшасын жұмыс беруші қызметкердің еңбек қызметін растау үшін жүргізеді. Еңбек кітапшасын толтыру кезінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Еңбек кітапшасының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 30 қарашадағы №929 бұйрығын басшылыққа алу керек.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабы 6-тармағы бойынша қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірі — аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер болып табылатынын қосымша хабарлаймыз. Бұл жұмыс өтілін растауда Зейнетақы қорына аударылған жарналардың да көмегі тиеді дегенді білдіреді.

Фотосурет: edu.mcfr.kz