Нұр Отан партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мен "Жас Отан" жастар қанаты тасқыннан зардап шеккен аягөздіктерге гуманитарлық көмек көрсетті. Азық-түлік өнімдері тиелген КамАЗ 17 наурыз күн облыс орталығынан Аягөзге жол тартты.
Қарғын судың құрсауында қалтырап қалған Аягөз қаласының тұрғындары баспаналарынан айырылып, туған-туысқандарын паналауға мәжбүр болғаны жайлы өткен санда газет бетіне жазған болатынбыз. Тасқын судың зардабын сезген аягөздіктерге еліміздің түкпір-түкпірінен көмек қолын созуға ниет білдіргендер аз болған жоқ. Қазіргі уақытта осындай игі мақсатта Қазақстанның 9 өңірінде гуманитардық көмек қабылдайтын 17 пункт жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдай жарияланған Аягөз қаласына Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан көмек қоры жіберілуде. «Көп түкірсе көл» демекші, 17 наурыз күні Нұр Отан партиясының ШҚО филиалы мен "Жас Отан" жастар қанаты аягөздіктерге гуманитарлық көмек жіберді. КамАЗ-ға 11 тонна ұн, 10 тонна картоп, 6 тонна астық, 2 тонна күнбағыс майы, 3 тонна макарон өнімдері, шай, сабын және тұрмыстық заттар тиелген.
Айта кету керек, бүгінде «Болашақ-Аягөз» қоғамдық қорына 54 млн теңге қаржы жиналды.
Талғатжан МҰХАМЕТБЕКҰЛЫ