Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты. Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құраған.
– Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында.
Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керектігіне назар аудартып отыр. Нақтылап айтқанда, ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қойып, салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады.