Нұрсұлтан Назарбаев: Латын әліпбиіне көшуді созбалақтауға негіз жоқ

1062
көрілім

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінен латын әліпбиіне өту процесін созбалауға негіз жоқ деген ойда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
– КССР-де өмір сүрген қазақтар кириллицамен, Қытайда тұрғандар төте жазумен, Батыс елдеріндегілер латын әрпімен жазды. Тіліміз бір болғанымен, үш түрлі жазумен жазып, кімнің не жазғанын түсінбедік. Бұл ұрпақтарымыздың жігін ажыратып жіберуі мүмкін еді, бұл бір жағынан, екінші жағынан – қазір ғаламтордағы техника мен ғылым жетістігінен алшақтатты. Мұны дұрыстау үшін жұмысқа кірістік. Қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі бізді біріктіре түседі, – дейді ҚР президенті.

Сонымен бірге ел Президенті латын әліпбиіне көшу ешқандай қиындық туғызбайтынын атап өтті.

– Жолдауымда мерзімді 2025 жыл деп белгіледім, бірақ, мұны созбалауға негіз жоқ деп ойлаймын. Ғалымдарымыз Түркияның, латын әліпбиіне өткен көршілеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып, біздің әліпбиімізді жасай алады. Олардың кемшіліктерін ескеріп, өз әліпбиімізді жасауымыз керек. Бұл қиын емес, өйткені балалар бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқиды. Бізге қиын болмайды, – дейді Елбасы.

Фотосурет: Tengrinews.kz