Нұрсұлтан Тұрсынов Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды!

386
көрілім

Моңғолия астанасы Улан-Батор қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты қызу өтіп жатыр. Күні кеше семейлік Нұрсұлтан Тұрсынов құрлықтық чемпионаттың қола медалін иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Спортшылар Алматы облысында орналасқан «Ақбұлақ» орталығында шеберліктерін шыңдап, бірден Улан-Баторға жол тартқан еді. Сәуір айының 19-ы күні бес салмақ бойынша үздіктер анықталды. Өкініштісі сол, екі салмақтың финалында қырғыз-қазақ текетіресі болып, екеуінде де отандастарымыз есе жіберді. Мейрамбек Айнағұлов Тынар Шаршенбековке (60 келі), Мақсат Ережепов Ақжол Махмұдовқа (77 келі) жол берді. 55 келіге дейінгі салмақта Аманғали Бекболатов шешуші сында жапон спортшысы Юй Шиотаниге ұтылды.
Алтын алатындай-ақ мүмкіндікке ие болған жерлесіміз Нұрсұлтан Тұрсынов жартылай финалда Иранның үздігі Насер Гасем Ализаденің осал тұсын таба алмады. Алдымен оңтүстіккореялық Жонхёк Кимді 9:0 есебімен ұтқанымен, финалға өту мүмкін болмады. Десе де қола медаль үшін болған белдесуде мүмкіндігін мүлт жібермеді. Осыған дейін қазақстандық қос спортшының кеткен есесін Тұрсынов қайтарды. Мелис Айтбеков бастапқыда атойлап алға ұмтылғанымен белдесу соңына қарай сылбыр қимылдады. Қорытынды есеп 7:2, семейлік спортшы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды!
Алғашқы сайыс күнінің әдемі нүктесін 130 келіге дейінгі салмақтағы Әлімхан Сыздықов қойды. Оңтүстіккореялық Ким Минсёкті шыр айналдырып, 9:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Алда тағы бір жерлесіміз Ернұр Фидахметов (63 келіге дейін) жүлде үшін бозкілемге беттейді.