Нұрсұлтан Тұрсынов грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленді

413
көрілім
Фотосурет Aikyn.kz сайтынан

Сербия астанасы Белград қаласында өткен күрес түрлерінен лицензиялық Әлем чемпионатында семейлік палуан 87 келіге дейінгі салмақта белдесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Еркін және әйелдер күресінен бұйырған үш медальді қоспағанда, грек-рим күресінен Ұлттық құрама қоржыны бос. Кеше жарыс жолына шыққан жерлесіміз алдымен Италия спортшысы Мирко Мингуззиді тізе бүктіріп, 1/8 финалда Оңтүстік Кореядан келген Сангёк Паркты жеңді. Ширек финалда Азия чемпионы Насер Газем Ализадены айқын ұтқанымен, жартылай финалда түрік палуаны Али Ченгизге есе жіберді.
Қола медаль үшін өткен белдесуде Олимпиада ойындарының чемпионы, екі дүркін Әлем чемпионы Жан Беленюкке жол беріп, аздан соң лицензияға қол жеткізу үшін тағы бір белдесу өткізді.
Бұл жерде әзірбайжандық Ислам Аббасов Тұрсыновқа қарсы тұрды. Белдесу кезінде бірден семейлік спортшының басымдығы байқалды. Одан бөлек, Аббасов төрттағанда бірнеше мәрте ереже бұзып, ұпайлар Нұрсұлтанның еншісіне жазылды. Сәлден соң төреші ескерту жасап, жерлесіміздің басымдығы 6:0-ге дейін артты. Әрі қарай Аббасовты төрттағанда жатқан күйі бір айналдырып, 8:0 есебімен белдесу уақытынан бұрын аяқталды. Айта кетейік, грек-рим күресінен Белград төрінде медаль бұйырмады. Тұрсынов иеленген жалғыз Олимпиада жолдамасы қалың жанкүйер көңіліне медет.

Әділхан ЕСІМХАНОВ