Елордада өткен күрес түрлерінен ересектер арасындағы ел чемпионатында шығысқазақстандық палуандар екі мәрте тұғырдың биік сатысынан көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
60 және 63 келіге дейінгі салмақта бәсекелестік деңгейі талай жылдан бері алауын өшірмей келеді. Естеріңізде болса, былтыр Ернар Фидахметов ел біріншілігінің финалында қызылордалық Айдос Сұлтанғалимен белдесіп, тізесінен ауыр жарақат алған еді. «А-а-а!» деп жан дауысы шығып айқайлаған семейлік спортшы сол кезде жүре де алмай қалған болатын. Бапкерлер аһ ұрып, қайта оңалуы үшін ұзақ уақыт кетеді деп топшылады. Дегенмен Ернар жарақатынан жазылып қана қоймай, осы жолғы чемпионатта қайтадан фавориттер қатарында екендігін дәлелдеді. Финалға өте алмады, есесіне қола жүлдегер атанды. Дәл сол салмақ, яғни 60 келіге дейінгі дәрежеде оның егізі Ернұр Фидахметовтың айдарынан жел есті. Финалда інісінің жолын кескен Айдос Сұлтанғалимен жолықты. Белдесу таразысы екі жаққа алма-кезек ауғандай болды, алайда Ернұр биыл бабында екендігін байқатып, ұпай басымдығын белдесу соңына дейін сақтап қалды. Шешуші сынның қорытындысы 3:1, семейлік палуан облыс қоржынына алғашқы алтынды, ал Ернар қола медальды салды.
Бұдан соң 87 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Тұрсынов бозкілемге беттеп, финалға дейін жолындағысын қоғадай жапырды. Ал финалда кілем қожайыны Азамат Құстыбаевпен шеберлік байқасып, 3:1 есебімен басым түсті.