НЗМ жас робототехниктері венгерлік Дьорадан үлкен жетістікпен оралды

407
көрілім

Танымал жаттықтырушы Николай Авдюниннің жетекшілігімен команда WRO (World Robot Olympiad – Бүкіләлемдік робототехникалық олимпиада) чемпионатында үздік үштікке кіріп, отанына қола медаль әкелді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Ақылды білім» секциясындағы NIS құрама командасы бастауыш сыныптарға математика мен сурет пәндерін үйретіп, әліппені үйретеді, зағип және құлақ кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін «Ziggurat» роботын ұсынды.

— Жоба идеясы Талдықорған Зияткерлік мектебінің оқушысы Даниил Филимоновқа тиесілі. Құрама командада алматылық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінен Любовь Дудченко және талдықорғандық NEXTROBOT орталығынан Элина Пак жұмыс істесе, команда жетекшісі Алматы облыстық робототехника бойынша жаттықтырушы Николай Авдюнин болды. Ақтық мәреде біздің балалармен 73 мемлекеттен 400 команда кездесті, — дейді жеңімпаздарды таныстырған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов.

Николай Авдюнин – Талдықорған НЗМ ашылған күннен бастап қызмет етіп келген робототехника бойынша еліміздегі ең беделді жаттықтырушы. Венгриядағы жетістік – WRO-ғы Николай оқушыларының үшінші жетістігі. Бұған дейін Сочиден қола, Нью-Делиден алтын медальдар әкелді.

— Бүгінгі әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, терең де, қарқынды технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге аяқ басып отыр. Жыл сайын оқушыларымыздың әлеуетін өсіру мақсатымен жобалар дайындаймыз. Осылайша ақпараттық өндірісті жетілдіруге ұмтылып келеміз. Мұның негізінде ел экономикасы жаңа деңгейге көтеріле алады, - дейді Николай Авдюнин.

WRO – 2019 венгерлік Дьореде өтіп, «Ақылды қалаларға» арналды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бері Бүкіләлемдік робототехника олимпиадасының ұлттық үйлестірушісі болып табылады.