Бұл туралы жалпы талаптар Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы ҚР Заңында көрсетілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру тапсырыс беруші құрылыс бекітілген жобаға сәйкес толық дайын болғанда және сәйкестік туралы декларация, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы, орындалған жұмыстар туралы қорытынды дайын болған кезде жүзеге асады.
Құрылысқа қатысушылар аяқталмаған құрылыс объектілерін қабылдау және пайдалануға берген жағдайда ҚР Заңында белгіленген жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ салынған объектіні пайдалануға қабылдау актімен рәсімделеді. Бұл акті бекітілуге жатады. Оны тапсырыс беруші бекітеді. Объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылған күн оны бекіту және пайдалануға беру күні болып есептеледі. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісіне тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер), техникалық және сәулеттік қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар сәйкестік туралы декларацияның және орындалған жұмыстың белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы қорытындының негізінде қол қояды.
Объектіні пайдалануға қабылдауға қатысушылардың міндеттеріне мыналар жатады:
1) құрылысы аяқталған объектінің дайындығын белгілеу және құжаттамалық растау;
2) аяқталған құрылыс-монтаж жұмыстарының және орнатылған технологиялық, инженерлік немесе өзге де жабдықтың белгіленген талаптарға сәйкестігі;
3) жұмыстарды орындаушы мердігердің бекітілген жобаның нормативтік талаптарын сақтау жөніндегі іс-әрекеттерін немесе ауытқулардың болуын белгілеу және оларды мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен келісу;
4) объектінің іске қосылған қуатының жобада бекітілген көрсеткіштерге сәйкестігін белгілеу;
5) сәулет, құрылыс, инженерлік-технологиялық шешімдердің, сондай-ақ тұтастай алғанда объектінің прогрессивтілігін бағалау;
6) орнатылған технологиялық жабдықты және инженерлік жүйелерді бақылау сынауын жүргізу;
7) объект пайдалануға жарамсыз болған жағдайда тапсырыс берушіге тиісті дәлелді қорытынды ұсыну.
Заңда көрсетілгендей, құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау туралы бекітілген актісіз салынған объектіні пайдалануға жол берілмейді.
Айта кету керек, ғимараттардың, құрылыстардың және олардың құрамдас бөліктерін жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру, техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне тіркеу, объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін негіз болып саналады.