Өңір басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес қоғам белсенділері мемлекет тарапынан қаржыландырылатын құрылыс нысандары мен ондағы жұмыс барысын қадағаламақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алтай ауданындағы қоғам белсенділері Жаңа Бұқтырма кентіндегі абаттандыру жұмыстарына мониторингті бастады. Облыстық құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы ақпаратынша, жоба туризмді дамыту мақсатында қолға алынған. 2024 жылы кенттің орталық бөлігін абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және ойын алаңқайларын орнату жоспарланған. Сондай-ақ туризм саласын дамытуға негіз болар жолдарды жөндеп, жылумен қамту жағына мән берілуде.
– Атқарушы орган мен қоғам белсенділерінің арасында түсіністік пен берік байланыс болуы тиіс. Облыс әкімінің аппараты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тізе қосып, нысандар бақылауға алынды. Жұмыс қарқыны жоғары сияқты, техникалар саны артқан. Құрылыс басқармасына атқарылған жұмыс актісі бойынша сұраухат жіберілді. Жуықта жауабы қолымызға тиер, – деді «Әділдік жолы» РҚБ ШҚО филиалының басшысы Әділ Пшенов.
Қазіргі уақытта өңірде 30-ға жуық әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр.