Облыстық Мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» залында өткен салтанатты шарада аймақтың әр түкпірінен келген ұстаздар еңбегі ескерілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиын кезінде Алғыс хаттар да, төсбелгілер де, қаржылай сыйлықтар да табыс етілді. Алдымен өңір әкімі Ермек Көшербаев құттықтау сөз алып, өзі де бір кездері мектепте сабақ берген сәттерін мысал етті. Айтуынша, осындай жауапты жұмыстың қазанында қайнап жүрген әрбірі саналы ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келеді.
– «Кез келген азамат үшін ұстаздың орны бөлек. Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық. Өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі, жазушы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қай заманда болсын ұстазды ерекше құрметтеген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін дамыту үшін педагогтерге жіті көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде педагог статусы туралы заң қабылдады. Заң аясында соңғы төрт жыл ішінде олардың жалақысы екі есеге көтерілді. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттеріңізді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рух сыйлайтын бағыт-бағдар беруде еңбектеріңіз зор, – деді Ермек Беделбайұлы.
Өңір басшысы білім саласында оң өзгеріс байқалуы үшін педагогтердің шығармашылық ынтасын арттыру маңызды екенін атап өтті.
– Бұл мақсатта жыл сайын түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Биыл «Үздік педагог» республикалық конкурсының аудандық кезеңіне 65 мұғалім қатысып, олардың ішінде ең үздік 11 мұғалім облыс намысын қорғайды. Жыл сайын «Үздік орта білім беру ұйымы» конкурсының жеңімпазы облыс грантымен марапатталады. Биыл Өскемен қаласындағы №49 мектеп, Күршім ауданындағы Юрий Гагарин атындағы №1 орта мектеп, Катонқарағай ауданындағы Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектеп жалпы сомасы 65 млн теңгенің грантына ие болды. Бүгін біз ұстаздарымыздың жоғары жетістігін құрметтейміз және мақтан тұтамыз. Есімдеріңізді әйгілейтін шәкірттеріңіз көбейе берсін, – деді облыс әкімі.
Жауапты тұлға өз сөзінде ұстаз бір адамға ғана емес, көпшілікке ортақ, құрмет-қошеметке лайық жандар екенін баса айтты.
– Мен де үш жылдай мектепте жұмыс істедім. Студент кезімде мектепке барып, тарих пен қоғамтану пәндерінен сабақ бердім. Сондықтан шәкірт оқытудағы жұмыстарыңызды білемін, өзімді сіздерге әріптес деп айта аламын. Біздің тараптан қандай болса да қолдау көрсетуге әзірміз, – деді Ермек Көшербаев.
Әрі қарай ҚР Оқу-ағарту Министрлігінің Құрмет грамотасы иегерлерінің есімі айтылды:
1. Абайхан Лаков (Күршім ауданы, Ұрұнхай негізгі орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі);
2. Владимир Чирвин (Өскемен құрылыс колледжінің информатика пәні мұғалімі);
«Орта білім беру ісінің үздігі» атанған ұстаздар ортаға шақырылды. Марапатқа:
1. Зура Сапарғалиева (Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кенті орта мектебінің математика пәні мұғалімі);
2. Елена Саблева (Глубокое ауданы, Белоусовка №1 орта мектебінің математика пәні мұғалімі);
3 Нұргүл Закарьянова (Дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернатының математика пәні мұғалімі) ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде облыс көлемінде 41 колледж әр саланың мамандарын даярлауда сүбелі үлес қосып жатыр. Онда барлығы 18 мыңнан астам студент білім алуда.
Жиынның ресми бөлігі жалғасып, кезекті марапаттау жүргізу үшін «Kazzink» ЖШС әкімшілік сұрақтар бойынша атқарушы директоры Андрей Лазарев сахнаға көтерілді. Оның айтуынша, кәсіподақ ұйымдарын қолдау да күн тәртібінен түспеуі тиіс. Көп жылдық ынтымақтастығы және жемісті еңбегі үшін:
1. Өскемен жоғары политехникалық колледжі;
2. Риддер колледжі;
3. Алтай жоғары колледжі;
4. Шығыс гуманитарлық-техникадық колледжі;
5. Серебрянск технологиялық колледжі Алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл күні ұстаздар ғана емес, білім бөлімдері де сый-құрметтен шет қалмады. Бұл ретте Самар, Зайсан және өскемендік ұжымдар ортаға шақырылды. Салтанатты шара кезінде көрерменге концерттік нөмір ұсынылып, би мен әнге кезек берілді. Анығы сол, еңбегі еленген жандардың көбінің дерлік еңбек өтілдері 30 жылдан асқан. Солардың бірі – Зайсан ауданы, Юрий Гагарин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Толқын Ұланбаева.
– Өзім мұғалімдер династиясын жалғап келемін. Еңбек өтілім – 33 жыл. Анам, енем, қыздарым, сіңілім – барлығы ұстаздар. Кішкентайымыздан анамыздың «ұят болады», «олай істеуге болмайды» деген тәрбиесінен сабақ алып өстік. Мұғалім болу туралы арман бала күнімізде қылаң берді. Аллаға шүкір, кейін оқу бітіріп, анам секілді бастауыш сынып мұғалімі болдым. Содан бері оқушылар алдында жауапкершілік жүгін сезініп келеміз, – деді ол.
Айта кетейік, Толқын Ұланбаева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісіне ие болды.
Ал Катонқарағай ауданының тумасы Альмира Нүксарина еңбек ақталып, облыс әкімі атынан марапат алуын ұстаздық жолындағы үлкен қуаныштың бірі деп білді. Себебі, көптің алдында «Білім беру ісінің үздігі» деген төсбелгіге ие болу – 32 жылдық еңбек өтілі бар жан үшін кәдімгідей серпіліс.
– Әлі де шамам жеткенше жас ұрпақты тәрбиелеуде тер төге бермекпін. Еңбек жолымды бастағанда небәрі 21 жаста болдым. Әр жылы тәжірибе жинақтап, әріптестерімізбен ой бөлістік. 12 жылдан бері Алтай қаласындағы №9 орта мектепте бастауыш сынып пәні мұғалімін. Оған дейін Катонқарағай ауданындағы Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектепте 20 жыл жұмыс істедім. Қазір түлектерім түрлі мамандық иелері. Айталық, жаңа ғана әскери саладағы оқушым хабарласып, құттықтауын жеткізді. 32 жастағы азаматтың лебізі ұстазы үшін шын қуаныш, – деді Альмира Нүксарина.