Бүгін Шығыс Қазақстан өнер музейінде хакім Абай Құнанбайұлы 175 жылдық мерейтойына орай Өнер музейінің экспозициялық көрме секторының меңгерушісі Лариса Мартынованың «Абай әлемін ашу» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Музейдің мұндай кітапты басып шығарып, тұсаукесерін өткізуі кездейсоқ дүние емес.
– Осы жылдың тамыз айында Семей қаласы мен Абай ауданының Қарауыл ауылында Абай Құнанбайұлының мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтіледі. Біз кітапты халықаралық пленэр қатысушыларына таныстыруды жоспарлап отырмыз. Үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) шығарылған туындыны ұлы ақын жайлы білмейтін шетелдік суретшілерге арналған құрал ретінде ғана қабылдамаған жөн. Автордың еркін эссе жанрында жазылған бұл кітабы, ең алдымен, отандастарға арналады, – дейді Өнер музейінің қызметкері Толқын Тетепова.
Кітаптың тұсаукесеріне Абайдың мұрасын зерттеушілер, БАҚ өкілдері, суретшілер, филологтар, «Звено Алтая» әдеби бірлестігі, «Рухани жаңғыру» кафедрасы және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «Абай клубы» өкілдері қатысты.
Шара барысында студенттер театрландырылған қойлым қойып, көрермендер Абай әндерін тарту етті.