Облыс орталығындағы саябақтар жазғы жұмыс режимінде жұмыстарын бастамақ

485
көрілім

1 Мамыр күні Шығыс Қазақстан облысының мұражай-қорығына қарасты саябақтар жазғы жұмыс кестесіне көшеді. Жыл сайын дәстүрлі қалпынан таймайтын облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының Солжағалау кешені мен "Жастар" саябағы мамыр айының алғашқы күні-ақ тұрғындарға есігін айқара ашып, таңның атысынан, күннің батысына дейін облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтарына қызмет етпек. Қыдырып немесе жұмыс барысымен облыс орталығына жол тартқан жолаушылар Солжағалау кешеніне бас сұқпай кетпейтіні шындық. Осы ретте Өскемен қаласындағы мұражай-саябақтар әкімшіліктерінің келушілер үшін қандай тосынсыйлар дайындап қойғанын газет тілшісі анықтап көрді.

Дайындық қарқыны

Қазіргі уақытта "Жастар" саябағы және Солжағалау кешенінде жазғы маусымға деген соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаштар мен бұталардың жас көшеттері отырғызылып, гүлзарлар қалпына келтірілуде.

Солжағалау кешені өз жұмысын Қазақстан халқының Бірлігі күні, бұрынғы тәртіпте бастамақ. Зообақ, көрме павильондары мен саябақтың этноауыл, Ұлы Отан соғысына арналған көрме, Жібек жолы, демалыс аумақтары сынды тұрақты экспозициялары да іске қосылады. Сонымен қатар, биыл аталмыш парк келушілерді тағы бір жаңа павильонмен таң қалдырмақ. Атап айтсақ, жаңадан ашылатын кіші павильонда "Шәкәрім — Абайдың рухани мұрагері" атты көрме ұйымдастырылады. Экспозицияға қазақтың ұлы ғұламаларының шежіресі, Абай мен Шәкәрімнің өміріне қатысты фотосуреттер мен Мұхтар Әуезовтың өмірбаяны қойылады.

Үлкен павильонда бірден бірнеше экспозиция жұртшылық назарына ұсынылмақ. "Ақбауыр" және "Шығыс Қазақстан облысының экологиясы" сияқты тұрақты көрмелерден басқа жаңадан тағы екі көрме ұйымдастырылады. Оның бірі үстіміздегі аптаның жұмасында жұмысын бастайтын "Менің жерұйық мекенім" экспозициясы. Ол жерде көпшілік өңірімізге танымал фототілші Сергей Суровтың фотосуреттерін тамашалайтын болады. Экспозицияның бір ерекшелігі, оның әртүрлі жанрда болуы, яғни автор кейбір суреттерді репортажды қалыпта түсірсе, енді бірі туған өлкеміздің қазіргі кезеңдегі суреттері.

Шетелдік әріптестердің мұражайға ұсынған екінші экспозициясы "Сый және сыйлаушылар" деп аталады. Бұл жерден мұражай қонақтары кәріс, үнді, ОАР, қырғыз, белорус, әзірбайжан ұлттық халық шығармашылығы үлгілерін, дәстүрлі киімдері мен музыкалық аспаптарын тамашалай алады.

Жаңа маусымда алғаш рет "Бағалы мұра" экспозициясы ашылады. Ол өз жұмысын этонауылдың орталық алаңындағы алты қанат киіз үйдің ішінде бастайтын болады. Ол жерде Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы қазақ мәдениетінің ерте дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы паш етіледі.

Сондай-ақ, саябақтың әскери техника кешені облыс аумағында өмір сүретін Ауған соғысы жауынгерлері мен Чернобыль атом электр станциясындағы апатты ауыздықтаушыларға арналған экспозициялармен толықтырылмақ.

Шығыстың Жеті Кереметі

Жалпы, жеті бөліктен тұратын кешен аумағы 120 гектарға созылып жатыр. Ерке Ертістің сол жағасына орын тепкен саябақтың ішінде Шығыстың шырайлы табиғатынан бастап тарих жылнамасына дейінгі барлық экспозициялар қарастырылған. Мысалы, кеңестік кезеңнің ескерткіштер аллеясындағы монументтер әр кездері облысымыздың қалаларынан әкелініп қойылған. Классикалық музыка аллеясында Қазақстан мен әлемнің белгілі композиторларының кеуде мүсіндері орнатылған. Аталмыш аллея музыкалық ұжымдар мен жеке орындаушылардың өнерін паш етуге арналған алаңмен аяқталады. Әскери техникалар аллеясы «Өмір үшін өлімнен қаймықпағандар» атты Жеңіс павильонымен тәмамдалады.

Кешендегі ең әдемі ландшафтық стильдердің бірі террас бағы болып саналады. Оның келбеті кешен орналасқан жердің табиғи бедеріне сай жасалған. Бақтағы өсімдіктер бейімдігі мен бағыттарына қарай орналастырылған.

Ботаникалық аумақты жасаушылар өсімдіктердің Алтай аясындағы климатқа бейімделу ерекшеліктерін ескере отырып, экспозициялық-серуендеу аумағына жаз бойы гүлдейтін гүлдер отырғызған. Сондай-ақ, жапон және ислам стиліндегі бақтар Шығыстың тылсым сырлары мен сиқырлы сұлулығын танытады.

Тапсырыстар қабылдаймыз!

- Мамыр айының соңына қарай Солжағалау кешені ауыл-қалалардан тапсырыстар қабылдайтын болады, - дейді мұражай-қорық директорының экспозиция-көрме жұмыстары бойынша орынбасары Тамара Быкова. - Жазғы демалыс лагерьлеріне баруға мүмкіндігі жоқ кейбір ауылдардағы мектеп ұжымдары 8 (7232) 26-85-29 (Марина Дмитриевна) нөмірі бойынша қоңырау шалып, алдын ала тапсырыс береді. Демеушілердің көмегімен жолақысы төленіп тауып, автобуспен Өскемен қаласына жетсе болды, кешен аумағында әр балаға 200 теңгеге билет алып, саябаққа саяхат жасап, көрмелерді емін-еркін тамашалауға мүмкіндік болады. Бұл жер жарты сағатқа бас сұғып шығатын жай орын емес. Күні бойына тамашалайтын жерлеріміз көп. Саябақ ішінде паровозға отырып рахаттанып серуендеуге, тамақтануға, жағажайға барып суға шомылуға, қайыққа отырып су бетінде жүзуге, сондай-ақ және зообақтағы аң-құсты тамашалауға әбден болады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ