Облыс орталығының Жібек маталар комбинаты шағын ауданына жылан қаптады. Дегенмен, биолог мамандар мұнда ерекше құбылыстың жоқ екенін айтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
17 мамыр күні ЖМК ауданының тұрғыны жорғалап бара жатқан жыланның бейнеролигін әлеуметтік желіге жүктеп, биыл осымен үшінші рет жылан көріп отырғанын алға тартқан болатын.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының биологы Сергей Стариков Комсомол көшесі маңының сұр жылан мен сарыбауыр усыз жыланның сүйікті жері екенін айтады.
- Ол жер табиғи төмпешік болып келетіндіктен айналасындағы жылғаларға ылғал көп тоқтайды, - деп түсіндірді маман. - Көктем биылғы сияқты жаңбырлы болса жылан жоғары өрмелеп, күн көзі көп түсетін асфальтқа шығады. Мұндай құбылыс бірнеше жыл қатарынан байқалып келеді.
Биолог маман улы жыланды көз қарашығынан айыруға болатынын айтады. Мысалы Улы сұр жылан мен бозжыланның қарашығы мысықтікі сияқты сопақша болып келетін көрінеді. Дегенмен, қандай болмасын бауырымен жорғалаушы көзіңізге түссе ең дұрысы оны мазаламай, айналып өткеніңіз абзал.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ