Облыста кәсіпкерге әкімшілік кедергі келтірген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды

866
көрілім
Шартты сурет

ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына Глубокое ауданының кәсіпкері аудандық әкімдік қызметкерлеріне қатысты шағыммен жүгінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шағымда әкімдік қызметкерлері ұзақ уақыт бойы кәсіпкердің қоймасында тегін сақталып келе жатқан, тәркіленген мүлікті сату бойынша аукционды мерзімінде қайта өткізбегендігі көрсетілген. Бұрын өткізілген аукционда жеңіске жеткен сатып алушы сатып алынған мүліктен бас тартқан. 
Сонымен қатар, ҚР Қаржы министрінің «Мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 54 және 55-тармақтарына сәйкес, мемлекет меншігіне айналдырылған бағалы қағаздарды қоспағанда, сатып алушыға мүлікті беру сатып алу-сату шарты бойынша сату бағасын сатып алушы толық төлеген соң он жұмыс күні ішінде қабылдап алу-беру актісі бойынша жүргізіледі. Жеңімпаз белгіленген мерзімде қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймаған жағдайда, сатушы сатып алу-сату шартын біржақты тәртіппен бұзады.
Осылайша, Глубокое ауданының қаржы бөлімі сатып алушы қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймауына байланысты шартты біржақты тәртіппен бұзып, мүлікті аукционда қайта сату қажет болды Алайда, 2023 жылдың наурызынан бастап аукцион қайта өткізілмеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Атамекен» ӨКП араласқаннан кейін сатып алу-сату шарты бұзылып, аукцион қайта басталды. Осыған орай, құқық бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.