Облыстық Мәдениет басқармасының биылға қойған жоспары қандай?

184
көрілім
Фотосурет облыс әкімдігінен

Бұл туралы мәліметті Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен жиын кезінде ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жоспарға алдымен «Алтай-түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу енген. Аймақтағы туризмді дамыту мақсатында ежелгі қоныстардың 3D үлгілерін пайдалана отырып, Ақбауыр археологиялық кешенін музейлендіру, облыс аумағында оперетта театрын ашу көзделген.
- Астана қаласында «Астана-Баллет» көрермен залында ШҚО әкімінің симфониялық оркестрінің концерті өтті. Жуықта Сыдық Мұхамеджановтың 100 - жылдығына орай «Айсұлу» опереттасы қойылды. Көптің көңілінен шыққан «Дөкей келе жатыр» комедиясы да көрермен жүрегіне жол тартты. Қоюшы режиссер Жұлдызбек Жұманбай жаңа қойылымды ойдағыдай алып шықты деген сенімдеміз, - деді басқарма басшысы.
Тағы бір айта кетерлігі, Иоганн Штраустың «Жарғанат» опереттасы Риддер қаласының жұртшылығына 17 сәуір күні, қалалық Мәдениет сарайында көрсетілмек. Бұл да қала тұрғындары үшін зор қуаныш. Сонымен қатар, мамыр айының 13-і күні Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының үлкен залында Сыдық Мұхамеджановтың 100 - жылдығына орай «Айсұлу» опереттасын қою жоспарланған.
 - Облыстық үрмелі оркестрлер фестивалін Өскемен қаласының күніне орайластырып, қыркүйек айында өткізбек. Сондай-ақ ашық аспан астындағы «Классикалық музыка кеші», «Туған ел - алтын бесігім» акциясы, «Шығыс салбурыны 2024» халықаралық фестивалі, Сол жағалау кешеніндегі «Аяз ата» резиденциясында балаларға арналған жаңажылдық қойылымдар өткізу де күн тәртібінде тұр, - деді жауапты тұлға.