Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы Алмас Алтайұлы «Сот кабинеті» сервисі туралы брифинг өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өз сөзінде ол қазіргі заманғы жаңа технологияны сот жүйесіне енгізу, оны кеңінен халыққа түсіндіру, сотқа құжат тапсыру үшін ұзын-сонар кезекке тұруды азайту мүмкіндіктерін атап өтті. Айтуынша, сот жүйесіндегі жағымды жаңалықтардың бірі – «Сот кабинеті». Аталған сервисті қолдану сот жүйесінің ашықтығын, жеделдігін және қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Одан бөлек, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдейді.
- «Сот кабинеті» сервисі Қазақстан Республикасының соттарына арыздар мен өтініштерді, шағымдар мен өтінішхаттарды, сондай-ақ хаттарды электронды түрде жіберуге арналған. Осы сервис арқылы сот құжаттарын және істерді іздеуге, мемлекеттік бажды онлайн түрде төлеуге, істі қарау барысын қадағалауға болады, - деді сот әкімшісінің басшысы.
«Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисімен жұмыс істеу ережесі мен тәртібі жөнінде кез-келген азамат немесе заңды тұлға жергілікті аудандық соттардан, облыстық немесе Жоғарғы Соттың интернет сайтына кіріп, таныса алады. Аталған сервиспен жұмыс істеу үшін жеке немесе заңды тұлға Халыққа қызмет көрсету орталығын барып, электронды-цифрлы қолтаңба алуы қажет.
- Бұл заманауи технологияларды қолдану сот пен халық арасын жақындатып, халықтың құқықтық сауатын жетілдіріп, сот жүйесінің барынша ашық әрі қолжетімді болуына септігін тигізеді, - деді Алмас Алтайұлы.